Жаңалықтар

АЭС – баламасы жоқ қуат көзі

Ақтөбедегі облыстық халықтық штаб мүшелері бүгін «DINA MARKET» ЖШС-нің еңбек ұжымымен кездесті. Олар еңбек адамдарымен АЭС салудың маңызы туралы ашық әңгімелесті. Амантай Үмбетайдың айтуынша, атом электр станцияларын ешбір энергия көздерімен алмастыруға келмейді. Ол – баламасы жоқ қуат көзі. 

"Бу-газ электрстанцияларынан электр энергиясын өндіру үшін табиғи газ қажет. Ал елімізде табиғи газ мұнаймен бірге өндіріледі. Осы орайда мұнай кен орындары сарқылатынын, газ өндіру көлемі де жыл сайын 3 пайызға қысқарып келе жатқанын ескеруіміз керек. Оның үстіне газ бағасы үнемі өзгеріп, тарифтерге әсер етеді. Сондықтан да бізге тұрақты энергия көзі қажет", – деді ол.

Сондай-ақ Амантай Үмбетай АЭС-тың жаңартылатын энергия көздерінен артықшылығын түсіндіріп берді. Мәселен жел электр станциялары табиғи ауытқуларға ұшырайтынын айтты. Бұл жағдайда елді үздіксіз электрмен қамтамасыз ету үшін энергия сақтау технологияларын дамыту қажет. Оның үсіне жел энергиясын ауқымды дамыту жергілікті экожүйелерге әсер ету және қолданыстағы энергетикалық желіге біріктіру қажеттілігі сияқты экологиялық және техникалық қиындықтарға тап болуы мүмкін. Сондықтан да  жел энергиясын жалғыз басымдық ретінде қарастыруға келмейді.

АЭС салудың артықшылығын жан-жақты түсіндірген штаб мүшелері қатысушыларды Қазақстанда АЭС салуға дауыс беруге шақырды.