Жаңалықтар

Маңғыстау облыстық Халықтық штаб:  АЭС елдің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтады

Бүгін, 16 қыркүйекте АЭС құрылысын қолдау жөніндегі өңірлік халықтық штаб "ҚазАзот" мекемесінің қызметкерлерімен кездесті, деп хабарлайды халықтық штабтың баспасөз қызметі.

Жиында электр энергиясына деген сұраныс жыл сайын артып жатқаны, жаңартылған энергия көздері халық қажеттілігін өтеуге қауқары жетпейтіні, экологияға қауіпсіздігі сөз болды. Штаб мүшелерінің айтуынша, елдегі электр қуаты тапшылығының алдын алатын жалғыз тиімді жол - атом электр станциясын салу. 

– Елде АЭС салынса, тек электр қуатына қолжеткізіп қоймаймыз. Тұралап қалған түрлі салаларға серпін беріп, шағын және ірі кәсіпкерлік дамиды. Қосымша жұмыс орындары ашылып, жастардың ғылым-біліммен айналысуына мүмкіндік болады. Былтыр еліміз Ресейден шамамен 100 млрд теңгеге 3,4 млрд кВт/сағ электр энергиясын импорттаған екен. Электр энергиясының қымбаттауы тағы бар. Бұл өз кезегінде тұрғындар мен бизнеске салмақ түсіріп, шығынды көбейтеді. Сондықтан ешкімге тәуелді болмас үшін, энергетикалық және экономикалық жоғары көрсеткішке жету үшін АЭС салынуы өте маңызды, – деді штаб мүшесі Марат Молдагулов. 

Кездесу соңында мамандар сұрақтарын қойып, штаб мүшелерінен тұщымды жауап алды. Сонымен қатар келесі айда өтетін референдумға белсенді қатысатынын айтты.