Моңғолияда төл күресімізге қызығатындар қатары артты – Жарқын Болашақ
Қазақ күресін Моңғолияда дамытатын – біз, балуандар. Мұны еш есімізден шығарған емеспіз.
Моңғолиядан келген балуан Жандос Болашақ бұған дейін өткен Көшпенділер ойындарында жүлделі орындар иеленген-тін. Алайда Астанада қазақ күресінен өткен бәсекеде қола жүлде үшін таласта ол жеңіліп қалды. Оның айтуынша, ойын сайын қазақ күресіне қызығатын әлем балуандарының саны артып келеді.
– Мен Көшпенділер ойындарына екінші рет қатысып тұрмын. Осының алдында Түркияның Изник қаласында өткен ойындарға қатысқан едім. Ол кезде түріктердің аба гүреші және татарлардың курашынан бақ сынап, екі күміс жүлде иеленіп қайтқанмын. Өкініштісі сол, бүгін өзіміздің төл күресіміз – қазақ күресінен қола жүлде үшін таласта жеңіліп қалдым. Қазақ күресі біртіндеп дамып келе жатыр. Биыл Көшпенділер ойындарына әр ел өз мықтысын алып келді. Біз мұның алдында бұл спорттан үлкен нәтиже көрсеткен едік. Осының алдындағы ойында бәріміз жүлде алғанбыз. Осы жолы қарсыластар қарымды әрі ережені жатық біледі. Бала кезден білетін бізден айласын асыра алатын қарсыластар көбейді. Түркияда болған ойынмен салыстырғанда расымен қарсылас көбейген. Бұл қазақ күресінің қарыштап дамып келе жатқанын аңғартады. Әсіресе, күрес түрлерінен мықты саналатын Иран, Әзербайжан, Грузиядан келген балуандар қазақ күресіне қатты қызығатыны көрініп тұр, – дейді ол.
Жарқын тарихи Отанына тала жарысқа келсе де, бұл жарыстың жөні бөлек екенін айтады.
– Астанадағы Көшпенділер ойындары жоғары деңгейде өтті. Әсіресе, ашылу салтанаты ерекше әсер қалдырды. Атлеттерге барлық жағдай жасалғанын шетел қатысушылары мен бапкерлері айтып жүр. Біз де таңғалып жүрміз. Себебі Түркияда болған ойындардың ұйымдастырылуы Қазақстанға жетпейді. Мен бұған дейін де Қазақстанға түрлі жарысқа келетінмін. Алайда бұл сайыс бәрінен бөлек. Қанымыз қазақ болған соң, ашылу салтанатындағы көріністерді өзге ұлт өкілдеріне қарағанда терең түсініп, өткенімізді елестетіп отырдық. Рухтанып, делебеміз қозып, бойымызды ерекше сезім биледі. Осындай терең тарихы бар ұлт екенімізді мақтан көрдік. Қазақ күресін Моңғолияда дамытатын – біз, балуандар. Мұны еш есімізден шығарған емеспіз. Баян-Өлгейде жыл сайын Наурыз мерекесінде өткізіп тұрамыз. Енді ел астанасы Ұлан-Батырда өткізсек деген мақсат бар. Үлкен ағаларымыз мұны іске асыруға тырысып жатыр. Моңғолияда күрескісі келетіндер көп. Аймақта бір-бірін мықты қарсылас санайтындар да жетерлік. Сондықтан қазақ күресі десе, ішер асын жерге қоятын жастар тұрғанда, қазақ күресі біз жақта дами түсетіні анық, – дейді ол.