Тайқазан

Қазақтар «Сізде бәрі жақсы ма?, «Не көмек керек?» деп елеңдеп тұрады – сингапурлық садақ атушы

Көшеде адасып, бағыт сұрағанымда, қолы тимей тұрған бір қазақ телефон тұтқасын қоя салып, бүкіл жұмысын ысырып қойып, маған діттеген жерге қалай жетуім керек екенін жіті түсіндіріп берді.

"Қазақтар өте мейірімді екен. Ашық әрі қонақжай. Өзгелермен тез тіл табысып кетеді". Сингапурдан келген садақ ату шебері Суфи Рохайзат осылай дейді.

– Садақ ату болаттай тәртіпке үйретеді. Ептілікке баулиды. Әр нәрсеге қалай дұрыс назар қою керек екенін үйретеді. Мен садақ атуға қолданатын концепцияны күнделікті өміріме қолданамын. Жұмыста да пайдасы мол. Бұл спорттың пайдасын көріп келе жатқаныма төрт жыл болды. Сондықтан да бұл спорт кіріктірілген барлық сайысқа қатысуға тырысамын. Көшпенділер ойындарын да мүлт жіберіп алғым келмеді. Сондықтан мұнда қуана-қуана келдім. Жалпы, мен көп саяхаттаймын. Африка, Америка, Еуропа қалаларын көп араладым. Алайда Қазақстанға келіп көрмеппін. Өздеріңіз білетіндей, Сингапур – өте ыстық. Күн сайын 39 градусты көрсетіп, дала жанып тұрады. Сондықтан ең алдымен маған Астананың күн райы ұнады. Мұнда күн қатты ыстық та емес, бірақ сондай суық та емес. Содан соң ерекше ұнағаны, мұндағы адамдар өте мейірімді екен. Ашық әрі қонақжай. Өзгелермен тез тіл табысып кетеді. Көмектескісі келіп тұрады. Сенің басқа елден келгеніңді біліп, қасыңа жақындап, «Сізде бәрі жақсы ма?, «Не көмек керек?» деп сұрағандар жетіп артылады. Көшеде адасып, бағыт сұрағанымда, қолы тимей тұрған бір қазақ телефон тұтқасын қоя салып, бүкіл жұмысын ысырып қойып, маған діттеген жерге қалай жетуім керек екенін жіті түсіндіріп берді. Тіпті, артта қалып, «Таба алады ма екен?» дегендей сыңай танытып, алаңдап тұрғанын байқадым. Бізге бұдан артық не керек?!, – дейді ол.

Суфи қазақ тілін түсінбесе де, ашылу салтанатындағы көріністерден көп нәрсені түсінгенін айтады.

– Маған тағы бір ұнаған нәрсе – қазақтың ұлттық тағамдары. Жылқының етін жедім. Қымыз да іштім. Көпшілік мен келген күннен бастап екеуінің пайдасы мол екенін айтты. Сондықтан қазақтарға алдымен екеуінің дәмін татуым керек деп айттым. Тағы қатты ұнағаны – Көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты. Қазақстан тарапының өте жақсы дайындалғаны көрініп-ақ тұр. Қазақ тілін түсінбесек те, көріністердің астарында тарих жатқанын, бізге айтары бар екенін түсініп отырдық. Экран арқылы көрсетілген фрагменттер арқылы да көп нәрсені ұғындық. Жалпы, шоуда қамтылған деректерді біз, шетелдіктерге әрі өсіп келе жатқан ұрпаққа айшықты әрі түсінікті етіп жеткізе білген. Бұл ойындарға Сингапурдан алты садақ ату шебері және екі жамбы ату спортшысы, жалпы саны сегіз атлет келдік. Бәріміз де бес күн бойы жарыстық. Керемет әсер алдық. Біздің алаңға қарама-қарсы орналасқан ипподромға барып, көкпар ойынын тамашаладық. Басында түк түсінбей отырдық, содан соң бір қазақ қасымызға келіп, ойын ережесін түсіндіріп берді. Өте күрделі командалық ойын екен. Бәйге секілді құр жарысып қоя салмайсың. Бұл ойыннан екі елдің арасындағы дербиді өз көзіммен көргеніме қуаныштымын. Сосын аламан бәйге жарыстарын бақыладым. Өйткені Қазақстанда бәйге сайыстары өте жоғары деңгейде өтетінін көп естідім. Мұны да өз көзіммен көре алғаныныма қуаныштымын, – дейді Суфи.