Экс-әкімнің қамаудағы мерзімі ұзартылды
Экс-әкімнің қамаудағы мерзімі ұзартылды
Қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланғаны үшін айыпталып, қамауға алынған Қарағанды облысының экс-әкімі Бауыржан Әбдішевтің қамаудағы мерзімі ұзартылды. Бүгін Қарағандының Қазыбек би аудандық №1 соты бұрынғы әкімнің "қамау" бұлтартпау шарасын 23 мамырға дейін созу туралы шешім шығарды. "Сот қылмыстық істің материалдарымен танысу үшін Бауыржан Әбдішевтің қамаудағы мерзімін ұзарту туралы шешімді қабылдайды". Бұл – Қазыбек би аудандық №1 сотының судьясы Бахыт Ахметова оқып берген қаулы. Қамау мерзімін ұзарту туралы өтінішті Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тергеушісі берген екен. Естеріңізде болса, Қарағанды облысының экс-әкімі Бауыржан Әбдішевке ҚР ҚК 307-бабы бойынша, қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланғаны үшін айыпталған еді. "Мемлекеттік сатып алулар туралы" заңды жеке мақсаты үшін бұза отырып, тендерлерде жекелеген фирмалардың мүддесін қорғады деген айыппен қамауға алынды. Тергеу деректеріне сүйенсек, Әбдішев Қарағанды қаласын көріктендіру бағдарламасы бойынша тендерде теміртаулық "Сталь Монтаж" фирмасын жеңімпаз ету үшін одан 12 миллион теңге алған көрінеді. Мұндай деректі тергеушілерге "Сталь Монтаж" ЖШС қызметкері ұсынған.