Түркістан облысында жоғалып кеткен 4 жасар бүлдіршін табылды
Оқиғаға бірден назар аударған полиция дереу жеке құрамды жұмылдырды
Кешкі уақытта үйінің ауласында ойнап жүріп жоғалып кеткен 4 жасар баласын іздеген жергілікті тұрғын Созақ ауданының полициясынан көмек сұрады, деп хабарлады облыстық полиция департаменті.
Оқиғаға бірден назар аударған полиция дереу жеке құрамды жұмылдырды. Кешқұрым болған соң полицейлер уақыт жоғалтпастан еріктілерді де іздеу жұмыстарына қатыстыра отырып, көшелер мен ойын-сауық орындарын аралап, куәлардан жауаптар алды.
«Үйлесімді жүргізілген іздеу шараларының нәтижесінде полиция 4 жасар бүлдіршінді үйінен шамамен 3 шақырым жердегі сауда орталығынан адасып жүрген жерінен аман-есен тапты. Баласымен қауышқан ана Созақ ауданы полицейлерінің жедел әрекетіне сүйсініп, аналық алғысын жеткізді», - делінген хабарламада.