Жаңалықтар

Маңғыстау облысында жұмысқа шыққан зейнеткер 29 млн теңге төлеуге мәжбүр болды

istockphoto.com

Өрт жылдам тарап, соның салдарынан Lamber маркалы тоңазытқышы, Mercedes-Benz Actros автокөлігі, Schmitz SKO 24mi тоңазытқышы, Schmitz SKO 24L тоңазытқышы, «KC 45717a-1» кран және автокөлік бөлшектері салынған контейнер зақымдалған

Қылмыстық іс Мұнайлы аудандық сотында қаралды. Іс материалдарына сәйкес, Ақтау іргесіндегі өндірістік аймақтың көлік тұрағында дәнекерлеуші болып істейтін ер адам биылғы 12 маусымда цистернадағы қоқыс жәшігіне от тигізіп алған, деп хабарлады turkystan.kz almaty.tv арнасына сілтеме жасап.

Өрт жылдам тарап, соның салдарынан Lamber маркалы тоңазытқышы, Mercedes-Benz Actros автокөлігі, Schmitz SKO 24mi тоңазытқышы, Schmitz SKO 24L тоңазытқышы, «KC 45717a-1» кран және автокөлік бөлшектері салынған контейнер зақымдалған.

Осылайша материалдық шығын 29 млн теңгені құраған.

Прокурор ер адамды кінәлі деп тауып, бір жылға бас бостандығын шектеу жазасын сұрады. Жәбірленушілер сотталушыдан келтірілген материалдық шығынды өндіруді сұрап, жаза тағайындау мәселесін соттың қарауына қалдырды.

Сотталушы мен оның қорғаушысы бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады.

«Ер адамның кінәсі өзінің сөзімен, жәбірленушілердің айғақтарымен, сот-медициналық сараптамасының қорытындысымен және қылмыстық істің басқа материалдарымен расталды», - делінген хабарламада.

Жаза тағайындау кезінде кінәлінің зейнеткерлік жасы, бұрын соттылығының болмағаны, кінәсін мойындағаны және шын жүректен өкінгені ескерілді. Ол жасаған қылмыстық құқық бұзушылық жеңіл, абайсызда жасалған деп танылды.

Сот үкімімен ер адам ҚР Қылмыстық кодексінің 204-бабының 2-бөлігі (Бөтеннің мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіру) бойынша кінәлі деп танылды. Осы баптың санкциясы 2 мың АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салу, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарын атқару, не 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.

«Ер адамға бір жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Жәбірленушілердің талаптары толығымен қанағаттандырылды. Соттың үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ», - делінген хабарламада.