Жаңалықтар

АЭС: Талдықорған дәрігерлері жобаны қолдайды

Қазақстанда салынатын атом электр станциясы туралы пікірлер алуан түрлі және дәрігерлердің көзқарасы – осы талқылаудың маңызды бөлігі. Осы тақырыпты Халықтық штаб мүшелері Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасының  дәрігерлерімен қызметкерлерімен бірге талқылады. 

АЭС салуды қолдайтын дәрігерлер энергия тапшылығын шешуге және экологиялық таза энергия көздерін дамытудың маңызды екенін атап өтуде. Олар ядролық энергияның көміртегі шығарындыларын азайтып, экологиялық тұрғыдан тиімді энергия көзі екенін айтады. Бұл ауа ластануын төмендетуге көмектеседі, ал таза ауа көптеген аурулардың алдын алады.

«Қазақстанда қауіпсіздіктің барлық талаптарына жауап беретін жаңа буын III немесе III + атом электр станцияларын салу мүмкіндігі қарастырылуда. Сондықтанда қауіпсіздік бойынша үрейленуге негіз жоқ деуге болады. Біз экономикасы қуатты, заманауи медицинасы бар, дамыған елде тұруды қаласақ, онда 6 қазанда референдумға келіп, нық сеніммен АЭС салуды қолдауымыз керек. АЭС төңірегіндегі түрлі жалған ақпараттар мен мифтерді сейілтуіміз қажет», – деді Халықтық штаб мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Гүлнар Тойлыбаева. 

Қазақстанда АЭС салу атом индустриясын дамыту үшін және тұтастай алғанда бүкіл экономика үшін мүмкіндіктер ашады.

«Алматы облысында АЭС салу өңірді тұрақты және сенімді энергиямен жабдықтауды қамтамасыз ете отырып, бұл тапшылықты азайтуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде өнеркәсіпті, инфрақұрылымды дамытуға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал ететін болады.  Сейсмикалық қауіпсіздік, су қоймасының орналасуы, желілер  мәселесі міндетті түрде ескеріледі.  2023 жылдың күзінде МАГАТЭ мамандары Балқаш көлінің маңында АЭС құрылысына кедергі келтіретін факторлар жоқ екенін растады», – дейді облыстық мәслихат депутаты, Халықтық штаб мүшесі Римма Салықова.  

Қуат тапшылығы – жаһандық сипаттағы өзекті мәселе. АЭС құрылысы бойынша референдум өткізу – энергетикалық кешенді дамыту бағытын таңдау. Біздің ортақ шешіміміз мемлекеттің ұзақмерзімді дамуына әсер етеді.