T-Newspaper

Ойындар Қазақстанда өтеді дегенді естігенде, бірден келістім – Батыс Африка бапкері

Африкада мұнда болып жатқан ойындардың бірде-біреуі өткізілмейді. Біз бұдан садақ ату, бәйге, аударыспақ, көкпар секілді ойындардан бейхабармыз. Мұның бәрі – біз үшін тың нәрсе.

Ноел Китами Көшпенділер ойындарына  Батыс Африканың Сьерра Леоне Республикасынан екі атлет баптап әкелген. Бесінші рет өткелі тұрған дүбірлі дода Қазақстанда өтеді деп естігенде, бірден келіскенін айтады. 

– Біз мұнда Батыс Африканың Сьерра Леоне елінен келдік. Үш күн бойы жолда жүргендіктен, ашылу салтанатына үлгере алмай қалдық. Мен саха ұлтының төл спорты масс-рестлингтен бапкермін. Әрі ара-тұра өзім де қатысып тұрамын. Біз негізінен мұндай алыс жерлерге бара бермейтін едік. Алайда бұл жолғы көшпенділер ойындары Қазақстанда өтеді дегенді естігенде, бірден барамыз деп келістім. Көшпенділер мәдениетін көзінің қарашығындай сақтаған бұл елде аталған ойындар осындай ауқымды әрі қызық өтеді деп болжадым. Барлығы мен ойлағаннан да асып түсті. Ойындардың ауқымы, бағдарламасы бәрі керемет. Ұйымдастырушылардың қыруар шаруа атқарғанына таңғалдым. Тек спорт сайыстары емес, ипподромға қарсы бетте құрылған этноауылдың әр бұрышында күні-түні қазақ мәдениеті насихатталып жатқанын байқап, таң-тамаша болдым. Ауылдың ішін аралап жүріп, ерекше әсер алдым. Жалғыз мен ғана емес, өзге елден келгендердің де аузын ашып, таңғалып, тыңдап тұрғанын көрдім. Мен Қазақстанға бірінші рет келіп тұрмын. Дегенмен мемлекет туралы естігенім көп. Осы жолы тұрғындары туралы көп нәрсе білдім. Халық – өте мейірімді әрі қонақжай. Мұны көп спортшы да айтқан болар. Жалпы, мұнда таңдай қақтыратын нәрсе көп. Әсіресе, Астана қаласы көздің жауын алатын үлкен ғимараттарымен таңғалдырды. Бәрі ауа райы туралы сұрайды. Бізде күн өте ыстық екенін білесіздер. Біз мұндай күн райына үйренбегенбіз. Алайда жылы киініп алдық, – дейді ол.

Ол мұндай ойындарды күнде көре бермейтіндіктен, жарыс аяқталған соң этноауылды бір күн бойы аралағанын айтады.

– Біздің елден екі атлетті баптап алып келдім. Бұл спорт түрі Африкада енді таралып келеді. Бізде бұған ұқсас спорт түрі бар болғандықтан, көбі өзіміздікіне ұқсас спортты қатар алып жүреді. Сондықтан біз мас-ресслингтен қара жаяу емеспіз. Арамызда өте мықтылар бар. Дегенмен бұл спорт қатты дамыған командалармен сайысқандықтан, мұндағы бәсекенің жоғары екені айдан анық. Дейтұрғанмен, біз де өзіміздің осал емес екенімізді көрсеткіміз келді. Жалпы, Африкада мұнда болып жатқан ойындардың бірде-біреуі өткізілмейді. Біз бұдан садақ ату, бәйге, аударыспақ, көкпар секілді ойындардан бейхабармыз. Мұның бәрі – біз үшін тың нәрсе. Мұндайды күнде көре бермейсің. Сондықтан  этноауылды қызықтап, осы жерден шықпай жүрміз. Маған бәрінен бұрын атпен шауып келіп, садақ ататын спорт түрі ұнады. Ертең бәрі айтып жүрген көкпаршылар финалын көремін. Қазақтар мен қырғыздар арасындағы текетіресті барлығы күтіп жүр. Сосын қала ішін аралағым келеді, – дейді бапкер.