Ашылу салтанаты Олимпиададан асып түспесе, кем түспеді – Татарстаннан келген аударыспақшы
"Үш жыл бұрын аударыспақпен айналысуды қолға алғаныма өкінбеймін. Себебі маған Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысу бақытын бұйырды".
– Татарстанда әкем екеуіміз көп жыл бойы ат баптаумен, оны бәйгеге қосумен шұғылданамыз. Әрі өзім – татардың ұлттық спорты кураш күресінің шеберімін. 2-сыныптан бастап айналысып келемін. Ал аударыспақ туралы 3 жыл бұрын естідім. Ес білгелі атқа мініп әрі күреспен айналысып келе жатқандықтан аударыспақты жаныма жақын тарттым. Сөйтіп, мұнымен кәсіби түрде шұғылдануды қолға алдым. Татарстанда команда жасақталады деп естігенде іріктеу сындарға қатысып, жарыстарда бақ сынадым. Нәтижесінде, Татарстан чемпионатын үш рет ұттым. Үш рет Ресей чемпионы атандым. Биыл қаңтарда Татарстанда аударыспақтан өткен әлем чемпионатында екінші орынды місе тұттым. Кеше 80 келіде өткен сайыста қазақ спортшысы Дарынға есе жіберіп, қола жүлде иелендім. Дарыннан әлем чемпионатында да жеңілген болатынмын. Әлбетте, өздерінің ұлттық спорт түрі болғандықтан, Қазақстан құрамасының қарымы мықты. Дегенмен біз де беріспейміз. Аударыспақ – өте айрықша спорт. Мысалы, курашта сен өзің үшін жауап бересің. Ал мұнда әрі өзің әрі жылқы үшін жауаптысың. Ат үстінде мықты екеніңді дәлелдеп, жылқының «тілін» таба алуың керек, – дейді ол.
Илнұр Қазақстанға екінші рет келіп тұр екен.
– Былтыр аударыспақтан Шымкентте өткен Азия Кубогіне қатысқанмын. Сол кезде Шымкент ұнаған болатын. Астана да қатты ұнады. Мұсылман болғасын ба, тұрғындар бізді жақын тартып тұрады. Аялдамада автобус күтіп тұрғанда қасымызға жақындап, қайда бара жатқанымызды, қандай көмек керек екенін сұрайды. Татар мен қазақ тілдері ұқсас болғандықтан, олардың айтқандарының бәрін бірден түсіндік. Жалпы, біз кездестірген әр тұрғын асты-үстімізге түсіп, арқамыздан қағып, бауыр көруде. Тағы бір айтайын дегенім, көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты керемет болды. Мен онда таспаланған сәтті әлеуметтік желідегі жеке парақшама салған едім. Мұны көрген дос-туыстар мұның әлемдік деңгей екенін, Олимпиададан асып түспесе, кем түспейтінін айтып, хабарлама жазып жатыр. Расында ашылу салтанаты айрықша әсер қалдырды. Үш жыл бұрын аударыспақпен айналысуды қолға алғаныма өкінбеймін. Себебі маған Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысу бақытын бұйырды. Құдай қаласа, бұл спортпен айналысуды жалғастыра беремін. Мен мұнда болып жатқан барлық сайысты көруге тырысып жүрмін. Алайда 13 қыркүйек болатын бәйге жарыстарын асыға күтіп жүрмін. Себебі Қазақстанға жылқы сататындықтан, мұнда бәйгеге деген қызығушылық жоғары екенін жақсы білемін, – дейді Илнұр.