Енді Қазақстан десе, алдымен мейірімді халқы елестейтін болды – француз спортшысы
Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарында Франция құрамасы 1 алтын, 1 күміс жүлде иеленді.
– Жалпы, мен бала кезімнен атқа мініп өскенмін. Ал менің анам садақ атумен айналысады. Кейін ол мені сол спортқа баули бастады. Әдепкіде екеуіміз үйде жарыса бастадық. Қолымнан келетінін түсінген соң, мұнымен кәсіби түрде айналысу керек екенін түсіндім. Сөйтіп, жылқы мен садақты байланыстыратын спорт түрі жамбы атумен шұғылдануға бел будым. Әлбетте, бастапқыда атпен шауып келіп, садақ ату қиынға соқты. Алайда кейін бұл спорт менің өмірімнің мәніне айналды. Әрі Францияда жамбы атумен айналысуға барлық қолайлы жағдай жасалған. Бізде үлкен федерация жұмыс істейді. Жаттығу оңай жүреді, керек құрал-сайманның бәрі бар, – дейді ол.
Мартин бұған дейін Қазақстан туралы көп естігенін айтады.
– Мен Қазақстанға бірінші рет келіп тұрмын. Бұл ел туралы көп естігенмін, алайда мың рет естігенше, бір рет көзбен көрген артық екен. Мұнда маған бәрі ұнады. Әсіресе, тұрғындардың өзге ұлт өкілдеріне жылы шырай танытқанына риза болдым. Тек біздерге ғана емес, өзге елден келген қатысушыларға көмектескісі келіп тұратынын көздерінен-ақ байқалып тұрады. Өте мейірімді халық. Енді Қазақстан десе, маған алдымен Көшпенділер ойындары, сосын мейірбан тұрғындары елестейтін болды. Ұмытып барамын, ашылу салтанаты да көпке дейін ұмытылмайды. Жүректі қозғайтын фрагменттер болды. Өте әсерлі болғаны соншалық, көп қатысушы әңгімелесіп тұра қалса, сол туралы айта қалады. Маған өте қатты ұнады. Ашылу салтанатында қатысушыларға бәрін басынан аяғына дейін көруге мүмкіндік бергеніне қуаныштымын. Егер ондай жағдай жасалмаса, алған әсеріміз басқаша болар ма еді, кім білсін?, – дейді Мартин.
Мартин жарыс аяқталған соң көкпар мен көкбөрі сайыстарын көргім келеді дейді.
– Көшпенділер ойындары бұған дейін төрт рет өткен дейді, бірақ біз бірінші рет қатысып тұрмыз. Жамбы атудан төрт спортшы сайысамыз. Сосын оваридан бірнеше спортшы қатысады. Әрі күрес түрлерінен де бірнеше балуан ел намысын қорғайды. Сосын дәстүрлі садақ атудан жалғыз отандасымыз жарысып жатыр. Мен әлі екі күн бойы жарысамын. Дегенмен уақыт тауып, аударыспақты көруді жоспарлап отырмын. Әрі көкпар мен көкбөрі жарыстарын да көргім келеді. Байқап тұрсаңыз, бәрі де – жылқыға қатысы бар спорттар. Мен расымен жылқыны жақсы көремін. Қазақстанда да жылқыны қатты бағалайтынын жақсы білемін. Дегенмен жылқы етінен әзірленетін тағамды жеуге дайын емеспін. Кеше құрттың дәмін татып көрдім. Мұндай тағамды бұрын жеп көрмегендіктен, алғашында дәмін ұната алмадым. Көпшілік қымыздың дәмін көруімді айтып жүр. Елге қайтқанға дейін қымыздың да дәмін татып көрермін, бәлкім, , – дейді Мартин.