Инвестициялық қызметті жандандыруға мүмкіндік береді
Кәсіпкерлер экотуризм, логистика, қонақүй бизнесі, тері өңдеу, құс өсіруге байланысты жобалар бойынша ұсыныс-пікірлерін де ортаға салды.
Бұл орайда кәсіпкерлер экотуризм, логистика, қонақүй бизнесі, тері өңдеу, құс өсіруге байланысты жобалар бойынша ұсыныс-пікірлерін де ортаға салды. — Логистикадан басқа біз еліміздің әртүрлі өңіріне жемшөп жеткізумен айналысамыз. Өңірде құс етін өндірушілердің жоқтығын көріп отырмыз. Менің жоспарымда осы бағытта өте үлкен жоба бар. Оны жүзеге асыруда инвесторларды тарту үшін преференциялар туралы ақпарат қажет, — деді MR-Logistic Group ЖШС директоры Рустам Мартасов. Абзал Әбдікәрімовтің айтуынша, қаржыландыру мәселесінде «Бәйтерек» холдингі жанындағы даму институттары — өнеркәсіпті дамыту орталығы бар. Онда өңдеуші өнеркәсіп, оның ішінде агроөнеркәсіп кешені жобалары үшін 9 пайызға дейін жеңілдікті қаржыландыру көзделген. Ал инфрақұрылым бойынша арнайы экономикалық аймақ шеңберінде индустриялық аймақта бос жер учаскелерін іске асыру ұсынылмақ. Бүгінде Ақтөбе өңіріне инвестиция тартуда кедергі келтіретін проблемалық мәселелер де бар. Атап айтқанда, инфрақұрылымның, шағын жобалар үшін белгілі бір преференциялардың болмауы бұл бағытта іс жүргізуге кедергі келтіреді. Дегенмен өңірде көптеген мәселені шешуге мүмкіндік беретін арнайы экономикалық аймақ ашу да жоспарда бар. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұловтың айтуынша, инвесторлар үшін жағдай жасау және кәсіпорындарды ұлғайту — ортақ міндет. — Палата нақты көмек көрсетуге және жобаларды жүзеге асыруға дайын. Мемлекет басшысы өз Жолдауында инвестициялық ахуал мен бизнесті жүргізу үшін жағдайды жақсарту бойынша жұмыстың маңыздылығын атап өтті. Өңірімізде инвесторлардың құқықтарын қорғау бойынша кешенді жұмыс облыс прокуратурасының ерекше бақылауында. Оның ішінде ұлттық кәсіпкерлер палатасы тарапынан маңызды инвестициялық жобаларды сүйемелдеу «Жасыл дәліз» жүйесін енгізу шеңберінде өтеді. Бұл — инвесторларға рұқсат беру құжаттарын алу, жер учаскелерін беру, инфрақұрылымды жүргізу және тұтастай алғанда бюрократиялық кедергілерді еңсеру мәселелерін орталықтан шешуге мүмкіндік береді. Ал мемлекеттік органдармен осындай диалогтар өңірдегі қолайлы іскерлік ахуалды дамытуға ықпал етеді, — деді облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы. Бизнес өкілдері палата алаңында өзекті мәселелер талқыланып қана қоймай, жергілікті атқарушы және мемлекеттік орган өкілдерінің қатысуымен мұндай проблемаларды жедел шеше алатыны да айтылды. Облыстың инвестициялық әлеуетін көрсетуге, өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға және өңір экономикасының негізгі салаларына отандық және шетелдік инвестицияларды тартуға бағытталған Aqtobe Invest-2024 халықаралық инвестициялық форумын өткізу биыл қазан айына жоспарланып отыр.
Айару СЕРІК, Ақтөбе облысы