Тайқазан

Құдды бір Олимпиада ойындарына қатысып жатқандай сезіндім – Канададан келген бапкер

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Канада құрамасы 1 күміс, 1 қола жүлде иеленді.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында мас-рестлингтен Канада құрамасын бастап келген Эндрю Болингер Қазақстандағыдай қонақжайлылықты бұрын-соңды көрмегенін айтады. 

– Мен мас-рестлингтен Канада ұлт­тық құрамасының бас бапкері­мін. Әрі халықаралық мас-рест­линг федерациясы президиумы­ның мүшесімін. Әрі өзім де бұл спорт­тан жарысып тұрамын. Ха­лық­аралық жарыстардың бірнеше мәрте жеңімпазымын. Сонымен қа­тар мен әлемге Stronq Man деген атаумен танымал алып­­­­тар айқасына қатысамын. Есімім бел­гілі атлет болған соң 6 жыл бұ­­рын Якутияда өтетін мас-рес­ти­линг жарысына қатысуға шақырту алдым. Онда алғаш рет қатысқан соң, бұл спортқа ғашық болдым. Со­сын Канадада жарыстар өткізе бас­тадым. Әрі бұл спортқа атлет­тер­ді тарта бастадым. Мұның ал­дын­да Түркияда өткен ойынға бап­тап жіберген шәкіртім қола жүл­­­демен оралды. Кеше Кортни есім­ді шәкіртім де қола жүлде ал­ды. Демек, бұл ісім бекер емес. Қо­лымнан келеді. Қазақстанға бірінші рет келіп тұр­мын. Табанымыз қазақ жеріне ти­геннен бастап барлығы ай­рық­ша қонақжайлылық танытып жа­­­тыр. Мен, шынымды айтсам, бұ­рын-соңды мұндай қонақжай­лы­лықты көрмегенмін. Барлығы бі­з­ге жылы шырай танытып, жү­гі­ріп жүр. Әсіресе, күнде қасымызда жүре­тін еріктілер асты-үстімізге тү­сіп, әлек болып жүр. Маған мұн­да бәрі, бәрі ұнады. Әсіресе, ұлттық тағамдары ұнады. Жылқының етін Якутияда бірінші рет жеген­мін. Алайда Қазақстандағы еттің дәмі тіпті басқа, – дейді Эндрю.

Сондай-ақ ол Көшпенділер ойынының ашылу салтанатынан айрықша әсер алғанын да айтып жеткізді.

– Көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты күткенімнен де асып түсті. Сөздің шыны керек, бе­­­­сін­ші рет өткелі тұрған бұл ойын­­ның ашылу салтанаты мұн­дай деңгейде болады деп елес­тет­пе­дім. Біз спортшылар шеруіне шық­­қан кезде алдымызда не бо­ла­тынын білмедік. Кейін бірнеше Пре­зиденттің отырғанын, ста­дион­дағы лықа толы адамды көр­ген­де өз көзіме өзім сенбей «Бұл шы­найы ма? Түсім емес пе?» деу­мен болдым. Бағымызға орай, шеру­­­­ден соң бізге әзірлеп қойған ар­найы орында шоуды отырып көру мүмкіндігі болды. Мен құдды бір Олимпиада ойындарына қа­ты­сып жатқандай сезіндім. Жал­пы, маған көшпенділер мәдениеті қатты ұнайды. Канадада да сондай мәдениет болғанын қалар едім. Мен мұнда жайдан-жай келе сал­ға­ным жоқ. Мұнда келмес бұрын қа­зақ мәдениеті туралы көп оқы­дым, көп зерттедім. Сондықтан ашылу салтанатында бейнеленген біраз деректен хабардар болып отыр­дым. Біздің жарыс аяқталған соң көк­пар көруге барамын. Себебі мен – көкпар спортының асқан жан­күйерімін. Ежелден қарсылас саналатын қазақтар мен қыр­ғыз­дар арасындағы финалды жіберіп ал­мауым керек. Әрі ел мақтап жат­қан этноауылға баруға тыры­са­мын. Сосын қаланы аралап көрмекпін. Айтпақшы, мұнда так­си бағасы Канададан әлдеқайда арзан екен. Канадада мұндағыдан он есе қымбат. Сондықтан елге қайт­қанша қаланы таксимен емін-еркін аралаймын, – дейді канадалық.