«Тұрақтыда» тұрақтап қалу үшін...
Елдің кредит рейтингі оның экономикалық тұрақтылығын, саяси жағдайын, қарыз деңгейін, инвестициялық ахуалды және басқаларын қоса алғанда, бірқатар факторларды екшеу арқылы анықталады.
Елдің кредит рейтингі оның экономикалық тұрақтылығын, саяси жағдайын, қарыз деңгейін, инвестициялық ахуалды және басқаларын қоса алғанда, бірқатар факторларды екшеу арқылы анықталады. Және де рейтинг елдің инвестиция тарту, қарыз алу және экономикасын дамыту қабілетіне әсер етеді. Демек, жалпы елдің әл-ауқатын сырттай, тәуелсіз бағалау нәтижесі деуге болады. Соның ішінде, Moody's рейтингі халықаралық деңгейде кеңінен қолданылады және қаржылық тұрақтылықты немесе сын-қатерді бағалауда шешуші рөл атқарады. Яғни, таяуда ғана Президент Жолдауында айтылған бірінші тақырыптық блоктағы мәселе-лер – кредиттік рейтинг есептелетін негізгі факторлар. Moody’s нендей факторларды негізге алды? Қандай қауіп барын ескертті? Сарапшылардың пікірі қандай?
Moody's нені негізге алды?
9 қыркүйекте Moody’s рейтингтік агенттігі Қазақстанның егеменді кредиттік рейтингін «Baa1» деңгейіне көтерді, болжам – «тұрақты». Бұл шешім мемлекетті басқарудың дамуына, институционалдық және саяси негіздердің нығаюына байланысты қабылданғаны айтылады. Сондай-ақ Қазақстан экономикасын әртараптандыруда да оң динамика байқалған. Оған қоса, Ұлттық қор активтері экономикалық шок кезінде бюджеттің икемді болуына мүмкіндік беріп, фискалдық тұрақтылыққа үлес қосып отыр. Moody's сарапшылары Қазақстан экономикасының перспективасы көмірсутек өндіруші басқа елдермен салыстырғанда жақсырақ екенін айтады. Транспорт-логистика секторының дамуы өсу мен әртараптандырудың негізгі факторларының бірі болып қалып отыр, бұл Транскаспий халықаралық көлік дәлізі арқылы жүк тасымалы саласындағы белсенділіктің қарқынды өсуіне байланысты. Яғни, Moody’s рейтингтік агенттігі көмірсутекке тәуелділік айтарлықтай төмендегенін, сондай-ақ көлік-логистика саласының, өңдеу өнеркәсібінің және ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың дамығанын алға тартады. – Сонымен қатар Қазақстан Орталық Азиядағы пайдалы қазбаларды барлау және өндіру жобалары бойынша Сингапур, Ұлыбритания және Германиямен бірнеше келісімдерге қол қойып, шикізатқа деген жаһандық сұраныстың артуынан ұтады, – дейді сарапшылар. Тұрақты болжам тәуекелдердің теңдестірілген деңгейін көрсетеді. Moody’s сарапшылары инвестициялық тартымдылықты арттыру және экономиканы әртараптандыру үшін одан әрі экономикалық және институционалдық реформалардың маңызына тоқталады. Бұл ретте ұзақмерзімді экономикалық перспективалар үшін қауіп факторлары ретінде өңірдегі геосаяси жағдайдың ықтимал нашарлауы, қайталама санкциялар ықтималдығы аталады. – Екінші жағынан, аймақтық геосаяси ахуалдың айтарлықтай нашарлауы және ықтимал екінші деңгейлі санкциялар негізгі сын-қатер болып қала береді, – деп айтылады Moody’s есебінде. Сондай-ақ рейтинг нәтижесін шығарарда Ұлттық қордың қазіргі жағдайы мен қызметі де ескерілген. – Біз Ұлттық қордың активтері алдағы 2-3 жыл ішінде мұнай бағасының қолдауына және қолданыстағы кен орындарын кеңейту жұмыстарының аяқталуына байланысты өндірістің артуына қарай өсуді жалғастырады деп күтеміз. Ұлттық қордан трансферттерді реттейтін бюджеттік ережелер осы ре-зервтерді дискрециялық пайдалануды да шектейді, – делінген Moody’s хабарламасында.
Бағдарды нақтылау
Биылғы Жодауында Президент халықтың әл-ауқатын жақсартуға септігі тиетін көптеген шара қолға алынғанымен, арқаны кеңге салуға болмайтынын, алдымызда әлі талай ауқымды жұмыс тұрғанын айтқан еді. – Қазір көптеген азаматтың мойнында бірнеше несие бар екені жасырын емес. Бұл – өте өзекті мәселе, қоғамдық қатер десек те болады. Сондықтан осы бағытта арнайы заңдар қабылданды. Халықтың әл-ауқатын жақсартуға септігі тиетін басқа да көптеген шара қолға алынды. Сіздер бұл жұмыспен тікелей айналысып, халықпен әрдайым тығыз байланыста болдыңыздар. Мұның бәрі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын орнықтыруға ықпал ететіні сөзсіз, – деген болатын Президент. Экономиканы әртараптандыру ісі тың серпін алғаны, инфляция баяулағаны, былтырғы ең жоғарғы деңгейден 2,5 есе төмендегені айтылды. Еліміздің халықаралық резерві 100 миллиард доллардан асқан. Өңдеу өнеркәсібі тау-кен саласымен салыстырғанда жылдам өсіп жатыр. Рейтинг есебінде де осы нәтижелер туралы айтылады. Сондай-ақ Moody’s Ұлттық қор фиксалдық тұрақтылыққа үлес қосып отырғанын да қосып өтеді. Оны ары қарай тиімді басқару еліміздің стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыруға аса қажет. – Едәуір фискалдық резервтер – Ұлттық қордың активтері экономикалық күйзеліс кезеңдерінде бюджеттік икемділікті қамтамасыз ете отырып, фискалдық тұрақтылыққа ықпал етуді жалғастыруда. Қордың қаражатын, ең алдымен, мемлекет мүддесі үшін, яғни еліміздің стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыру үшін пайдалану қажет. Ұлттық қор шетелдік қаржы институттарына қызмет етпеуі керек. Ұлттық қор – ұзақ мерзімге арналған макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ететін аса маңызды құрал. Сондықтан оны тиімді басқару қажет, – деген еді Президент. Сондай-ақ халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін жүзеге асырылуы керек негізгі міндеттер мен бағыттар да айқындалған еді. Мәселен, Президент республикалық бюджеттің кіріс бөлігі орындалмай жатқанын және бұл Үкімет жұмысындағы үлкен олқылық екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай жағдай елдің дамуын тежейді, сондықтан бюджет қаржысын тиімді пайдаланып, шығыс бөлігін шектеу қажет. Үкімет пен Ұлттық банк осы мәселе бойынша нақты шаралар қабылдауы керек. Мемлекет басшысы стратегиялық маңызы жоқ шығындарды азайту керектігін де ескертті. Сондай-ақ ол салықты аймақтарда қалдыру дұрыс шешім болғанын айтты, бірақ кейбір әкімдер қосымша кірісті тиімсіз пайдаланып жатқанын сынға алды. Сондықтан Үкімет бюджет тапшылығын жабудың тиімді жолдарын табуға тиіс. Президент экономиканы дамыту үшін жеке инвестициялар тартудың маңыздылығын атап өтті. Оның пікірінше, салық саясаты тұрақты болып, жаңа Салық кодексі салық төлеушілерге сенімге негізделген жүйені қалыптастыруы қажет. Фискалды реформаның табысты болуы үшін салық жүйесін цифрландыруды жеделдету маңызды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы салық жеңілдіктерін қайта қарап, өндіріс пен экспортты қолдау үшін жеңілдіктер беруді ұсынған болатын. Жалпы, елдің кредит рейтингі төмендеген кезде, қарыз қаражаты қымбаттайды. Себебі инвесторлар сын-қатерді өтеу үшін жоғары пайыздық мөлшерлемені талап етеді. Жоғары пайыздық мөлшерлемелер мемлекеттік шығындар мен салықтарға, сондай-ақ кәсіпорындар мен қарапайым азаматтарға кредит беру шарттарына әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар төмен кредит рейтингі әлеуетті инвесторларды «үркітуі» мүмкін, бұл капитал мен технология ағынының төмендеуіне әкеледі. Бұл экономикалық өсімді және жаңа жұмыс орындарын құруды бәсеңдетуі мүмкін. Сондықтан ел үшін кредит рейтингінде төменгі орындарда болуы дамудың шектеулі мүмкіндіктерін және дағдарыстан шығудың күрделі шарттарын білдіруі ықтимал. Екінші жағынан, жоғары несиелік балл арзан кредит пен инвестицияға қол жеткізуге жол ашады. Бұл экономикалық өсімге, жаңа жұмыс орындарын құруға және азаматтардың өмір сүру деңгейін жақсартуға ықпал етеді. Жоғары кредит рейтингі, сонымен қатар шетелден капитал мен технология ағынына ықпал ететін бизнес пен инвестицияның серіктесі ретінде елге деген сенімділікті арттырады. Осы факторларды ескерсек, бұл жаңалық, әрине ел шаруашылығында жақсы үрдіс байқалғанынан хабар береді. Ал рейтинг нәтижесі туралы сарапшылар не дейді?
Расул Рысмамбетов, қаржыгер, тәуелсіз сарапшы:
Бұл – жақсылықтың нышаны
– Moody's Қазақстанның егеменді рейтингін Baa1 деңгейіне көтерді. Сондай-ақ болжамды тұрақты деңгейге дейін көтерді. Әлемде мұндай рейтинг шығаратын агенттік үшеу – Moody's, S&P, Fitch. Сондай-ақ бұл жаңалық – жақсылықтың нышаны. Мен, тіпті бұл – керемет жаңалық деп айтар едім. Келесі қадам – көріп тұрғаныңыздай, A3 деңгейі. Мен Moody's рейтингінің объективті және әділ екеніне сенімдімін. 2008 жылғы оқиғалар мен ипотекалық дағдарыстан кейін үлкен рейтингтік үштік несие рейтингтеріне деген жаңсақ көзқарас салдарынан ұзақ уақыт бойы өз-өзіне келе алмай жүрді. Содан бері агенттіктер әрдайым сәл пессимистік көзқарас ұстанады. Moody's агенттігінің Baa1 деңгейіндегі рейтингі S&P бойынша шамамен BBB немесе BBB+ деңгейіне сәйкес келеді. Рейтингті түсіндіру мен олардың өзара байланысындағы көптеген ньюансқа қарамастан, біз қазірдің өзінде инвестициялық рейтинг аймағында жоғары деңгейге жеткеніміз – өте жақсы жаңалық.
Мадина Қабжалелова, Halyk Finance аналитикалық орталығының сарапшысы:
S&P есебі әлдеқайда объективті
– 9 қыркүйекте халықаралық Moody’s рейтингтік агенттігі Қазақстанның егеменді кредиттік рейтингін Baa2 деңгейінен Baa1 деңгейіне көтеру туралы шешім қабылдағанын хабарлады. Бұл – еліміз осы рейтингке енгеннен бергі ең жоғары көрсеткіш. Moody’s сарапшыларының пікірінше, бұған институционалдық және саяси ортаның күшеюі, табысты реформалар жүргізілуі, сондай-ақ экономиканы әртараптандыруды жалғастыру арқылы шоктарға төзімділіктің артуы ықпал еткен. Сондай-ақ Moody’s геосаяси жағдайдың нашарлауы және салынуы мүмкін екінші деңгейлі санкциялар, сондай-ақ ел ішіндегі саяси тұрақсыздық сын-қатері алдағы кредиттік рейтинг көрсеткішіне кері әсер етуі мүмкін қауіптер екенін де айтып өтеді. Мұндай беделді халықаралық рейтингтік агенттіктің оң баға беруі айтарлықтай күмән тудырмауға тиіс, дегенмен S&P Global кредиттік рейтингінің жақында жариялаған есебі Moody’s қорытындыларына біршама қайшы келеді. S&P кредиттік рейтингі де төменірек болған (BBB-). Әрі агенттік ел экономикасындағы бірқатар негізгі мәселелерге тоқталып өткен, біздің ойымызша, олар қазіргі ахуалға берілген объективті баға және ол Moody’s талдауында жоқ. Сонымен қатар олардың кейбіреуі, мысалы, фискалдық саясаттағы проблемалар, мемлекет пен сарапшылар қауымдастығы жаппай мойындаған фактіге айналып отыр. Алдымен, Moody’s есебіне сәйкес кредиттік рейтингті көтеруге әсер еткен факторларға тоқталып өтейін. Биыл ел экономикасының мұнай секторына тәуелділігі төмендеген: агенттіктің бағалауы бойынша, мұнайдан басқа сектор үлесі кейінгі онжылдықта 75 пайыздан 84 пайызға өскен. Кейінгі жылдағы ең үлкен прогресс IT, көлік және өңдеу өнеркәсібі саласында байқалды. Тасымалдау және логистика саласындағы оң болжамдар Транскаспий халықаралық көлік бағыты (Орта дәліз) арқылы жүк тасымалының қарқынды өсуіне және Ресей арқылы өтетін көптеген жеткізілім тізбегінің өзгеруіне байланысты сақталып отыр. Украинадағы әскери қақтығыстың салдары ретінде Қазақстанның сауда және инвестициялық ағындарында құрылымдық өзгерістер болып жатыр, бұл Қазақстанға, басқа шикізат экспорттаушы елдермен салыстырғанда қолайлы жағдай жасайды. Сондай-ақ ашықтықты, басқару қағидаттарын арттыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту үшін институционалдық реформалар жалғасуда. Атап айтқанда, Moody’s Қазақстанды Еуропа Кеңесінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттер тобының (ГРЕКО) құрамына кіретін Орталық Азиядағы жалғыз ел ретінде атап өтті. Фискалдық көрсеткіштер тұрақты болып қалуда, олар төмен қарыз деңгейімен және несиелік ресурстарға жоғары қолжетімділікпен сипатталады. Moody’s агенттігінің пікірінше, жаңа Бюджет кодексі нәтижеге бағытталған бюджеттеуді енгізе отырып, бюджеттік саясаттың ашықтығын және тиімділігін арттырады. Жаңа Салық кодексі корпоративтік табыс салығын дифференциациялауды және бұрмаланған салықтық жеңілдіктерді қысқартуды қарастырады. Сонымен қатар жалпыға бірдей декларациялау бейресми сектордың қысқаруына және салық базасының кеңеюіне ықпал етеді. Moody’s есебіне сәйкес, 2024 жылғы шілденің соңында 61,1 миллиард доллар болған Ұлттық қордың активтері түріндегі айтарлықтай фискалдық буферлер алдағы бірнеше жылда мұнай өндірудің ұлғаюы есебінен артады және шоктар болған жағдайда фискалдық икемділікті қамтамасыз етеді. Орта мерзімді перспективада агенттік республикалық бюджет тапшылығының ЖІӨ-нің 2,5-3 пайызынан асады деп күтпейді, бұл – агенттік мәліметі бойынша, қарапайым көрсеткіш. Осы аталған барлық фактор бұрынғы реформалар мен ел экономикасының қазіргі жағдайын және болашақ сценарийлерін өте оң сипаттайды. Дегенмен негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің құбылмалылығын, әлемдегі ең жоғары нақты мөлшерлемелердің бірі деп есептелетін қатаң ақша-кредит шарттарын, сондай-ақ елдегі бюджет дағдарысына қатысты жалғасып жатқан пікірталасты ескерсек, шешім шамадан тыс оптимистік болып көрінеді. Біздің ойымызша, жақында жарияланған S&P есебі бұл тұрғыда әлдеқайда толық және объективті. Біріншіден, S&P ел экономикасында мұнай секторына тәуелділік сақталып отырғанын айтады. Сондай-ақ таяу арада ел экономикасы құрылымдық тұрғыдан айтарлықтай жақсарады деп күтпейді. Екіншіден, S&P есебінің едәуір бөлігінде елдің фискалдық саясаты және оның негізгі мәселелері – мемлекет шығыстарының өсуі, проциклділік, бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін жоспардан тыс трансферттің көптігі, салық саясатындағы мәселелер, бюджет тапшылығының арту қаупі талданады. Өкінішке қарай, Moody’s есебінде бұл мәселелерге назар аударылмаған. Moody’s аналитиктері елдегі фискалдық саясатта елеулі проблемалар жоқ деп есептейді. Басында айтып өткендей, Moody’s есебінде негізгі қауіп ретінде өңірлік геосаяси сын-қатер, сондай-ақ екінші деңгейлі санкция сын-қатері айтылады. Сонымен қатар әлеуметтік толқулар қаупі сақталып отыр, олар шетелдік инвестициялар ағынына және ұзақмерзімді экономикалық перспективаларға теріс әсер етуі мүмкін. Біз геосаяси сын-қатер туралы тұжырыммен келісеміз, бірақ бұл туралы егжей-тегжейлі түсініктеме берілмеген. Біздің, сондай-ақ S&P пікірінше, негізгі геосаяси сын-қатер мұнай секторы, атап айтқанда, КТК арқылы мұнай тасымалдау сын-қатеріне байланысты. Екінші деңгейлі санкциялар мәселесіне келетін болсақ, қауіп бар болғанымен, біз оны Қазақстанда, әсіресе банк секторында санкциялық сәйкестік белсенді түрде енгізіліп жатқанын ескере отырып, маңызды деп санамаймыз. Moody’s рейтингінің төмендеуіне әкелуі мүмкін факторлар арасында мұнай өндіру және экспорт көлемінің айтарлықтай төмендеуі, мұнай бағасының төмендеуі айтылған. Сонымен қатар институционалдық реформалардың баяулауы немесе минералдық ресурстарды өндіруде үзілістерге әкелуі мүмкін әлеуметтік толқулар рейтингтің нашарлауына немесе болжамның төмендеуіне әкелуі мүмкін.
Осылайша, Moody’s рейтингінің жоғарылауын сарапшылар түрліше қабылдады. Себебі мұның алдында ғана жарияланған S&P есебіндегі нәтиже бұдан төменірек. Ал Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров журналистердің сұрағына берген жауабында бұл сатып алуға келетін рейтинг емес екенін, бәрі әділ екенін айтты. Не десек те, алдағы уақытта осы деңгейді сақтап қалу қазіргі ахуал, геосаяси жағдайда елеулі жетістік болатынын да естен шығармау қажет.