Жаңалықтар

Абай облысының оқушылары өрттің алдын алуға арналған жоғары дәлдіктегі робот жасады

Абай облысының дарынды оқушылары өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жоғары дәлдіктегі робот құрастырды.

Бұл инновациялық құрылғы ғимараттар мен қоймалардағы өрттің алдын алып, адамдардың өмірі мен мүлкін қорғауды көздейді. Өртті ерте кезеңдерде анықтау және жылдам әрекет ету мүмкіндігімен ерекшеленетін робот апатты жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді, деп жазады turkystan.kz.

Жаңа робот заманауи қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталған. Ол өрттің алғашқы белгілерін анықтап, автоматты түрде су шашып өртті сөндіреді. Сонымен қатар зиянды газдардың ауада таралуын анықтайтын сенсорлар орнатылған, бұл қауіпті жағдайларда дереу ескерту жіберуге мүмкіндік береді. Қауіп туындаған кезде робот көрсетілген телефон нөміріне SMS арқылы хабарлама жолдап, өртті сөндіру шараларын автоматты түрде іске қосады. Жобаның ерекшелігі – адам факторын азайтып, қауіпсіздік деңгейін арттыруы.

Құрылғыны әзірлеген оқушылар заманауи қауіпсіздік технологияларына өз үлестерін қосып, болашақта осындай роботтарды төтенше жағдайларда тиімді пайдалануға мүмкіндік беруді мақсат етіп отыр.

Қазіргі уақытта оқушылар роботтың тиімділігін одан әрі арттыру үшін оған жасанды интеллект жүйесін қосу мәселесін қарастыруда. Бұл өнертабыс болашақта төтенше жағдайлар кезінде адам еңбегін алмастыруға және материалдық шығындарды азайтуға ықпал етеді.

Жоба авторлары – дарынды балаларға арналған Ш. Уәлиханов атындағы «Жас Ұлан» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 10-сынып оқушылары Әлімжан Раимжан мен Әмірәлі Садуев.

Оқушылар осы жобамен Халықаралық Robotex Turkiye чемпионатына қатысып, 3-орын алды.