Жаңалықтар

Қабылбек имам «қазақтың 70% сөзі арабтан енген» дегеніне түсінік берді

фото: видеодан скриншот

Жалпылама қазақ тілінің лексикасына қатысты мәселе емес, - дейді ол

Әлеуметтік желіде танымал имам Қабылбек Әліпбайұлының қазақ тілі мен араб тіліне қатысты айтқан сөзі қызу талқыға түскен болатын. Сол видеоға қатысты уағызшының өзі түсінік берді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Айтуынша, қазақ тіліне араб тілінен тек құлшылыққа қатысты ғана сөздер енген. Сұхбат барысында ол соны меңзеген.

Қазір сапарлатып жүр едім. Бірақ мынау әлеуметтік желіде «қазақ тілінің 70% сөзі арабтардан кірген» деген мәселе талқыланып жатқанын көріп жатырмын. Оны қолдап, дұрыс мағынада түсінуге шақырып жатқан кісілерге Алла разы болсын! Жалпы, ол жерде мен қазақ тілінде араб тілінен енген кірме сөздердің бар екенін айттым. Соның ішінде діни біліміміз бен құлшылық жасауымызға қатысты сөздің 70%-ы арабтан енгенін айттым. Ол жерде мен осы туралы меңзеген едім. Жалпылама қазақ тілінің лексикасына қатысты мәселе емес. Біздің қазақ тілінің бай тіл екені белгілі. Оны мақтанып айтып жүреміз. Мысалы, ұстаз, мешіт, медресе секілді арабтың сөздері құлшылық жасауға қатысты кірме сөз қатарына енгенін айттым», - дейді Қабылбек Әліпбайұлы.

Сондай-ақ ол «намаз» деген сөз парсы тілінен және құлшылыққа қатысты кей сөздердің түрік тілінен де енгенін алға тартты.

Осылайша, құлшылықта қолданып жүрген сөзіміздің 70%-ы араб тілінен енгенін айттым. Құрметті қазақ елі, соны дұрыс түсінуге тырысыңыздар. Олай сөзді бұрмаламауға шақырамын. Біздің қазақ тілі – өте бай тіл, – деді сөз соңында имам.