Тоқаев бірқатар мемлекеттің елшісінен сенім грамоталарын қабылдады
Мемлекет басшысы дипломаттар алдында сөз сөйледі.
«Ақорда» резиденциясында жеті мемлекеттің төтенше және өкілетті елшілерінің Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім грамоталарын тапсыру рәсімі өтті.
Сенім грамоталарын Испания Корольдігінің елшісі Луис Франсиско Мартинес Монтес, Эстония Республикасының елшісі Яап Ора, Өзбекстан Республикасының елшісі Бахтиёр Ибрагимов, Судан Республикасының елшісі Мұхаммед әл-Газали Сиррадж, Руанда Республикасының елшісі Чарльз Кайонга, Доминикан Республикасының елшісі Алехандро Ариас Сарсуэла және Маврикий Республикасының елшісі Хесвар Джанке тапсырды.
Мемлекет басшысы дипломаттар алдында сөз сөйледі.
– Қазақстан сыртқы саясатында бейбітшілікті жақтайды, БҰҰ Жарғысының қағидаттарын берік ұстанады және халықаралық ынтымақтастыққа әрдайым ашық. Біз Біріккен Ұлттар Ұйымының жаһандық кеңістіктегі орнын ешқандай құрылым алмастыра алмайтынына нық сенімдіміз. Бұл бірегей ұйымды әрқашан қолдаймыз. Осы орайда сіздердің елдеріңізбен екіжақты қарым-қатынасты, сондай-ақ көпжақты деңгейдегі байланыстарды дамытуға ниеттіміз. Қазақстан – қарқынды дамып келе жатқан мемлекет. Біз экономикамыздың тұрақтылығын қамтамасыз етуге ұмтылып отырмыз. Әрине, бұл оңай емес. Оның табысты болуы көп жағдайда халықаралық ықпалдастыққа, соның ішінде сіздердің елдеріңізбен арадағы ынтымақтастықты дамытуға байланысты, – деді Президент.Қасым-Жомарт Тоқаев елшілерді Қазақстандағы дипломатиялық миссияларының ресми басталуымен құттықтап, олардың мемлекеттерінің басшыларына ізгі тілегі мен сәлемін жолдады.