Елбасы: Қазақтың жеріне жаны ашитын екі адам болса, соның бірі – менмін
Елбасы: Қазақтың жеріне жаны ашитын екі адам болса, соның бірі – менмін
Бірнеше қазақстандық БАҚ өкілдерімен кездесу кезінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жер жекеменшікке берілсе, жерден айырыламыз деп қорқудың еш қажеті жоқ екенін айтты.
«Қазақтың жеріне жаны ашитын екі адам болса, соның бірі – менмін. Шекараны шегендеген кезде 14 мың километрлік шекараның әр метрі үшін күрестік. Еш жерде ештеңені бермеу үшін, берсек орнына алу үшін. Мен ол қорқыныштардың қайдан шығатынын білем. Көршілер алып қоймай ма, айырылып қалмаймыз ба дегендей… Қазақтың жерін ешкім арқалап, тиеп алып кете алмайды. Ол – Қазақстанның жері. Қазақстанның заңдары бар. Оны басқаларға сатуға рұқсат етпейміз.
Жерді өзіміздің азаматтар, өз кәсіпкерлеріміз жекеменшікке алса дейміз, бірақ соны алатын адамдар жоқ болып тұр ғой қазір. Алуға қоры, ақшасы жетпейді.
Батыста жерге жекеменшік қандай екенін білесіздер ғой? Онда жердің иесі бар, оған ешкімді кіргізбейді, қорғайды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ең мықты деген елу совхоз директорын шақырып, «Жерді аласыздар ма?» дедім. Көбі алмады, қорықты. Он адам ғана келісті. Қазір солар жақсы дамып, гүлденіп кетті.
Түбінде ауыл шаруашылығы Қазақстан үшін табыстың ең мықты көзі болуы керек» деді Қазақстан Президенті.