Алматыда мектеп бухгалтері 23 млн теңге жымқырған
Прокурор сотталушыны 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруды сұрады.
2019-2023 жылдар аралығында Алматы қаласындағы гимназиялардың бірінің бас есепшісі оқу орнының банктік шоттарына қол жеткізе отырып «Интернет-банкинг» электронды жүйесі арқылы өзінің жеке шотына, сондай-ақ, басқа тұлғаның шоттарына ақшалай қаражатты негізсіз аударып отырған.
Келтірілген материалдық шығынның жалпы сомасы – 23 миллион теңге.
Сотта сотталушы Н өз кінәсін толық мойындап, оған бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады. Прокурор сотталушыны 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруды сұрады.
«Сот сотталушы Н-ны кінәлі деп танып, өз кінәсін мойындауының, куәгерлердің айғақтарының, маманның қорытындысының негізінде оны 7 жылға бас бостандығынан айырды. Жаза тағайындау кезінде сот Н-ға жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар ретінде: жасаған қылмысына өкінуін, материалдық залалды жартылай түрде өтегендігін, жас баласының болуын ескерді. Іс бойынша жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталмады», – делінген қалалық соттың хабарламасында.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.