Қызылордада 7 мың адамға тегін дәрі-дәрмек берілмеген
Қызылорда облысының Прокуратура органдары дәрі-дәрмек айналымына тексеріс жүргізіп, көптеген заңбұзушылықтарды анықтаған.
Кепілдік берілген тегін медициналық көмек аясында 7 мың адамға берілуі тиіс дәрі-дәрмек жеткізілмеген, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қызылорда қаласының емханаларында балалардың жасын ескерместен, 1 мыңнан астам кәмелеттік жасқа толмаған балаларға дәрі-дәрмек негізсіз тағайындалған.
Инсулин препараттары 170 адамға медициналық тағайындамасыз берілген.
68 медициналық препаратты сақтаған кезде сақтау ережелері бұзылған. Салдарынан 2 пациентке жарамдылық мерзімі өтіп кеткен дәрілер тағайындалған.
Сондай-ақ өңірдің 19 медицина мекемесінде 19 қызметкер заңсыз фармацевтикалық қызметпен айналысқан.
Прокурорлық тексеріс нәтижесінде 93 адам жауапкершілікке тартылды.