СҚО-да әскерге баруға тиіс 743 жігітке іздеу жарияланды
Биыл көктемде СҚО-дан 478 жігіт әскерге алынуы тиіс болса, соның 436 жіберілді, жоспар тек 91% орындалды.
СҚО қорғаныс істері жөніндегі департаменттің мерзімді әскери қызметке шақыру бөлімінің бастығы Әнуар Ибраевтің айтуынша, қазіргі уақытта облыста 14 мыңнан астам жігіт әскерге шақырылушы ретінде есепке алынған. Биыл көктемде СҚО-дан 478 жігіт әскерге алынуы тиіс болса, соның 436 жіберілді, жоспар тек 91% орындалды.
«2 қыркүйектен бастап елімізде күзгі әскерге шақыру науқаны басталды, ол желтоқсанға дейін жалғасады. Өңірден 500-ге жуық адам аттануы тиіс. Олар еліміздің барлық дерлік өңірлерінде мерзімді әскери қызметке алынады. Алғашқы 10 адамды 13 қыркүйек күні Алматы облысына жібереміз. Олар шекара қызметінде әскери борышын өтейді», - дейді Әнуар Ибраев.
Маманның айтуынша, қазіргі уақытта СҚО бойынша 743 адам әскерге барудан жалтарып жүр. Оларға іздеу жарияланған.
«Полиция департаментімен жұмыс істейміз, тізімді бердік. Учаскелік полицейлердің көмегімен олардың жүрген жерін анықтаймыз. Жалпы әскерге барудан қашқандарға қылмыстық және әкімшілік жаза қарастырылғанын еске салғым келеді. Белгіленген күні келмесе 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Ал медициналық тексерістен өтуге бармаса ескерту алады немесе 3 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Заңдық негізсіз әскерге барудан қашса 1 мың АЕК мөлшерінде айыппұл салынады немесе 400 сағатқа қоғамдық жұмысқа жегіледі. Сондай-ақ 1 жылға дейін бас бостандығы шектелуі немесе осы аралыққа бас бостандығынан айырылуы мүмкін», - дейді Әнуар Ибраев.