Тайқазан

Асылмұрат Бірімжан – мас-рестлингтен қола жүлде иеленген полиция капитаны

Автордың жеке мұрағатынан

Күні кеше 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының алғашқы күнінде-ақ спортшымыз ел қоржынына оннан астам медаль салды.

Алғашқылардың бірі болып медаль еншілегендер қатарында жезқазғандық Асылмұрат Бірімжан бар. Ол мас-рестлинг сайысынан қола жүлдені еншіледі. 65 келі салмақ дәрежесінде моңғолиялық спортшы Тцеренцогол Пуревсуренмен кездесіп, қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсті.

Асылмұрат Нұрболатұлы 1993 Ұлытау облысының Шеңбер ауылында дүниеге келген. Отбасылы, бір ұл тәрбиелеп отырған әке. 2022 жылдан бері ішкі істер саласында абыройлы қызмет етіп келеді. Бүгінде Ұлытау облысы Полиция департаментінің Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының аға инспекторы, полиция капитаны. Мас-рестлингтен бөлек жүгірумен тұрақты айналысады екен.

«Мас-рестлингпен айналысып жүргеніме 1,5 жыл болды. 2023 жылдың көктемінде ауыл арасында жарыстар болады. Соған қатысып, жеңімпаз атандым. Екі айдан кейін Өзбекстан мемлекетінде өткен Әлем чемпионатына қатыстым. Бірақ ол жерде жолым болмай, төртінші орынға тұрақтадым. Жаттығуды жалғастырып, биыл көктемде өткен Қазақстан чемпионатына қатысып,  бірінші орын алдым. Одан кейін Азия чемпионатына дайындалдым. Өзбекстанда өткен Азия чемпонатынан қола жүлде иелендім. Одан келіп осы Көшпенділер ойынына дайындалып, үшінші орынға табан тіредім. Көшпенділер ойындарына бірінші рет қатысып тұрмын. Келесі Көшпенділер ойындарына да қатысқым келеді. Құдай қаласа келесі айда қырғыз елінде өтетін Әлем чемпионатына қатысуды жоспарлап отырмын»-дейді Асылмұрат. Спортшымызға сәттілік тілейміз!