Президент Назарбаев Университетіне есімін беруге неге келіскенін түсіндірді
Президент Назарбаев Университетіне есімін беруге неге келіскенін түсіндірді
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев журналистермен кездесу барысында өзінің атын түрлі нысандарға беріп, ескерткіш тұрғызу туралы айтты.
«Болашақ ұрпақ шешсе, мен ештеңе істей алмаймын. Себебі, олардың шешімін өзгерте алмаймын. Ол қалыпты жағдай болар еді. Ал жоғарыдағы ұсыныстар туралы бұрын да айттым.
Мен тек Назарбаев университетін атыммен атауға келісім бердім. Себебі, бұл басқа университеттерге үлгі бола алатын оқу орны. Қазір ол ғылыми орталыққа айналды. Ал одан басқаларына мен ешқашан келісім берген емеспін.
Тағы қайталап айта кетейін, маған бұл керек емес және маған ондай ұсыныстар ұнамайды. Болашақ ұрпақ адамды оның жасаған ісіне қарап бағалайды. Ол қандай адам болды? Ол не бітірді? Міне, осы маңызды. Бұл жағынан маған алаңдайтын ештеңе жоқ. Менің тағдырыма мемлекетімізді басқару бұйырды», деді Елбасы.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев Астананың атын өзгерту туралы ұсыныстар туралы өз ойын айтты.
«Астананың атына менің атымды беру туралы көпшілігі айтты. Адам ретінде, әрине, маған жағымды естіледі. Бірақ мен ел басқарып отырған соң, олай болмауы керек. Астана қазір әлемдік брендке айналды. Мұнда халықаралық кездесулер өтіп жүр. Астананың атын мен қойдым. Ол қазақша, орысша, ағылшынша да жақсы жазылады, жақсы оқылады. Оны ауыстырудың не қажеті бар?», деді Мемлекет басшысы.
Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев адамның ұзақ жұмыс істеуіне оның жасы басты мәселе емес екенін айтты.
«Адамның жасы да көп нәрсені шешеді деп айта алмаймын. Өйткені, 30 жастағы адамның өзі кәрі адам сияқты болуы мүмкін. Меніңше, мемлекет басшысы xалықтың жағдайын жақсартып жатыр ма, жоқ па, дәл осыны басты талап ретінде қарастырған жөн. Мәселен, Маргарет Тэтчер «Англия мені қанша қажет етсе, сонша жұмыс істеймін», — деп жауап берген. Сөйтіп, шаршағанша жұмыс істеймін деген. Ал Уинстон Черчилль, «Менің бұл қызметте отырғаным кездейсоқтық емес, заңдылық» деген екен. Ал енді, шынымды айтсам, Президент болу оңай емес. Үнемі ой үстінде жүресің. Мемлекетке тағы не істеуге болатынын ойлайсың. Мен халқыма керек екенімді сеземін. Ол жұмыс қолымнан келеді де», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
«Барлығы xалықтың сеніміне байланысты болады. Ол — бір. Екіншіден, жұмыс істеп жатқан адамның денсаулығы мен күш-жігеріне байланысты. Меніңше, бұл қызметте бар күшіңді, тәжірибеңді, тіпті өміріңді сарп етуге әзір болу керек. Олай істеуге жағдайың келмесе, ол жерде босқа уақыт зая етудің қажеті жоқ», — деді Президент.