Жаңалықтар

Байзақтағы жарылыс: Кінәлі деп танылғандарға 23,7 млрд теңге төлеу міндеттелді

istockphoto.com

Талаптың 1 328 507 355 теңге өндіру туралы бөлігі дәлелдер болмауына байланысты қанағаттандырусыз қалдырылды.

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты Қорғаныс министрлігінің 4 жауапкерден 25 093 038 236 теңге келтірілген материалдық залалды мемлекет пайдасына өндіру туралы талабы бойынша істі қарады.

2021 жылдың 26 тамызында Жамбыл облысы Байзақ ауданы Қайнар жол торабында орналасқан №28349 әскери бөлімінің инженерлік оқ-дәрілер қоймасының бірінен өрт шығып, одан кейінгі жарылыстарға әкеліп соқтырған. Нәтижесінде 18 адам қаза тауып, бірнеше адам зардап шегіп, сондай-ақ мемлекет пен жеке тұлғаларға аса ірі мөлшерде залал келтірілген.

Жауапкерлердің кінәсі Шымкент гарнизонының әскери сотының 2023 жылғы 20 қазандағы және Қазақстан Республикасы Әскери сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 13 наурыздағы заңды күшіне енген апелляциялық сот актілерімен дәлелденген, - делінген хабарламада.

Жауапкерлер әскери бөлімнің техникалық аумағында №14 инженерлік оқ-дәрілерді сақтау қоймасында өрт шығуына жол бергендері, яғни олардың іс-әрекеттерінен аса ірі мөлшерде шығын келгені сотпен анықталғандықтан, келтірілген материалдық залалды ортақтасқан түрде 23 764 530 881 теңге мемлекет пайдасына өндіру туралы шешім қабылданды.

Талаптың 1 328 507 355 теңге өндіру туралы бөлігі дәлелдер болмауына байланысты қанағаттандырусыз қалдырылды.

 Шешім заңды күшіне енген жоқ.