Жаңалықтар

Халықтық штаб мүшелері Ақтау теңіз сауда портының мамандарымен кездесті

AMANAT партиясының Маңғыстау филиалы

«Ақтау теңіз сауда порты» мамандары АЭС керек екенін және қолдайтынын айтты.

Бүгін, 9 қыркүйек күні Маңғыстауда АЭС құрылысын қолдау жөніндегі халықтық штабтың үгіт-насихат жұмыстары аясында «Ақтау теңіз сауда порты» ҰК» АҚ қызметкерлерімен кездесу өтті, - деп хабарлайды халықтық штабтың баспасөз қызметі.

Жиынды облыстық халықтық штабтың төрағасы Нұрбек Қарасаев жиынды ашып, АЭС құрылысының маңызы мен қажеттілігін түсіндірді. Сонымен қатар штаб мүшесі Марат Молдагулов АЭС құрылысы елдің экономикасы мен энергетикалық қуатын арттыратынын тілге тиек етті.

- Қазақстанда АЭС-ның құрылысы 2035 жылға қарай елдің энергетикалық балансындағы атом энергетикасының үлесін 12%-ға дейін арттырады. Бұл ретте көмір жағу арқылы өндірілетін энергияның үлесі қазіргі 61%-дан 40%-ға дейін төмендейді. Яғни, АЭС-ның құрылысы Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ғана емес, төмен көміртекті экономикаға жаһандық көшуге жол ашады. Сондай-ақ болашақта тұрақты дамуға мүмкіндік береді, - деді штаб мүшесі Марат Молдагулов.

Жиынға қатысушылар белсенділік танытып, штаб мүшелеріне АЭС-ның қоршаған ортаға тигізер зияны мен пайдасы, радиоактивті қалдықтар және нысанның салынатын орны, тариф жайлы сұрақтарын қойды.

- Атом электр станциялары қоршаған ортаны түтін газдары, күл, мұнай өнімдері бар ағынды сулар сияқты заттармен ластамайды. АЭС қалдықтарының көлемі басқа өнеркәсіп қалдықтарымен және одан да жоғары жылу электр станцияларының қалдықтарымен салыстырғанда аз. АЭС пайдалану кезінде әрбір 1 ГВт орнатылған қуаттылыққа немесе 60 жыл жұмыс істегенде 3 600 тоннаға жылына шамамен 50 текше метр радиоактивті қалдық түзіледі. Әлемнің әртүрлі елдеріндегі атом электр станцияларын пайдаланудың көп жылғы тәжірибесі олардың адамдарға және табиғатқа зиянын тигізбейтінін растады, - деді штаб мүшелері.