Түркістан облысында миллион теңгенің жылқыларын ұрлаған адам ұсталды
Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты тергеу жүріп жатыр
Түркістан облысында полиция миллион теңгенің жылқыларын ұрлады деген күдіктіні ұстады.
Massaget.kz сайтының мәліметінше, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Отырар ауданының полицейлері мал ұрлады деген күдікпен ер адамды ұстады.
Күдікті түнгі уақытта танысының екі жылқысын жайылымнан ұрлап, жүк көлігіне тиеп, қашып кеткен. Содан ұрланған жылқыларды туысының үйіне жасырған. Келтірілген шығын көлемі шамамен миллион теңгені құрады.
Ер адам жылқыларды көкпар ойындарына қатыстыру үшін ұрлаған. Тәртіп сақшылары ұрланған жылқыларды тәркілеп, заңды иесіне қайтарды.
Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты тергеу жүріп жатыр.