Көшпелілер ойынындағы бізге таңсық бәсекелер
Осы ретте ойын бағдарламасына енген, өзге ұлт өкілдерінің көпшілікке мәлім де беймәлім ойындары туралы деректер ұсынғанды жөн көрдік.
Мас-рестлинг – бұл Саха (Якутия) халқының ұлттық спорт түрі. «Мас» сөзі якут тілінен «таяқ», ал «рестлинг» – күрес деген мағынаны білдіреді. Бұл спорт түрі қатысушылардың күшін, шыдамдылығын және шеберлігін сынауға негізделген. Бұл ойында екі спортшы таяқшаны жұлқу арқылы өзара кім мықтыны анықтайды. Ережеге сай спортшылар бір-біріне қарсы отырады. Олар аяқтарын арнайы тақтаға тірейді. Спортшы таяқшаны ұстаған қарсыласын өз жағына тартуға немесе қарсыласының қолынан таяқшаны жұлып алуға тырысуы керек. Кураш – өзбек халқының ұлттық спорт түрлерінің бірі. Екі қарсылас тік тұрып күреседі. Жекпе-жек дзюдодағыдай кілемшелерде өтеді. Курашта жатып күресуге тыйым салынады. Тек тік тұрып күресуге болады және тек лақтыру мен аяқтан қағуға рұқсат етіледі. Кез келген соққы, ауыртпалық, тұншығу әдістерін, сондай-ақ белбеуден төмен қармап ұстауға қатаң тыйым салынады. Мангала – түрік халқының зияткерлік ойыны. Бұл ойынға екі адам қатысады. Ойын тақтасында екі қатарға бірдей орналасқан алты отау (шұңқыр) және ұтып алынған тастарды салатын үлкен қазан болады. Әр ойыншыға ойын барысында 6 отау, бір қазан және әр отауға төрт-төрттен салынған 24 тас тиесілі болады. Ойыншылар өз қазанына көп тас ұтып алуға тырысады. 25 немесе одан көп тас ұтқан ойыншы жеңіске жетеді. Егер әр ойыншының қазанында 24 құмалақтан болса, ойын тең аяқталады. Мангала ойыны 2020 жылы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілді. Ордо – қырғыздардың ежелден бері сақталып келген, ең кең тараған ойындарының бірі. «Ордо» сөзі «хан ордасы, хан сарайы» дегенді білдіреді. Ойынның басты шарты сол хан сарайын қорғау көрінеді. Аталған ойын хандық билік құрған шақтарда пайда болған деседі. Яғни, сызылған шеңбер ішіндегі орда әскери карта іспеттес. Диаметрі 12 метрлік шеңбердің ортасына хан ордасы (тиын) орналастырылады. 68 асық қойылады. Әр командада 7 ойыншы қатысады. Әр команда кезегімен ортадағы асықтарды қолдағы сақа асықпен соғу немесе шерту арқылы шеңбердің сыртына шығаруға әрекет етуге тиіс. Бір ойыншы өз кезегінде әрбір соққан, шерткен сайын асықтарды шашып, сыртқа шығара алатын болса, ойынын әрі қарай жалғастыра береді. Әрбір шығарылған асық үшін бір ұпай еншілейді. Ашыртмалы аба гүреші – түрік халқының дәстүрлі күрес түрлерінің бірі. Бұл спортта спортшы белбеу мен күртешеден ұстау арқылы, қарсыласын құлатуға тиіс. Балуандар арнайы тоқылған аба киімі мен қысқа балақты шалбар киеді. Бұл күрес түрі өзіндік ережелерімен және ерекшеліктерімен айрықшаланады. Мұнда физикалық күш пен техника ғана емес, сонымен қатар тәжірибе, даналық және қарсыластың әрекеттерін болжау қабілеті де маңызды. Алыш – қырғыз күресінің бір түрі. Бұл күреске ерлермен қатар әйелдер қауымы да қатыса алады. Алыш күресі көбінесе дәстүрлі киімдерде өткізіледі және балуандар белдесу кезінде бір-бірін белбеуден ұстап, шеберліктерін көрсетеді. Бұл күрес түрінде күштілік, жылдамдық және ептілік қажет. Алыш күресі еркін және классикалық деп екі бағытқа бөлінеді. Еркін стильде аяқпен техникалық әрекеттер істеуге рұқсат етілсе, ал классикалық стильде мұндай әрекеттерге тыйым салынады. Овари – Батыс Африка халықтарының зияткерлік ойыны. Ойынға екі адам араласады. Ойын тақтасында екі қатарда орналасқан алты бірдей шұңқырша болады. Сонымен қатар ойыншыларда тастарды жинайтын үлкен шұңқыршалар тағы бар. Овари ойыны 48 шармен ойналады. Тақтаның өз жағындағы алты кішкентай шұңқырша ойыншының алаңы, ал қарама-қарсы алты шұңқырша сәйкесінше қарсыластың алаңы болады. Ойыншылар өз жағына мүмкіндігінше көп шар жинауға тырысады. Кім көп шар жинаса, сол ойыншы жеңіске жетеді. Көрәш – татар халқының көне ұлттық белбеу күресі. Бұл жекпе-жек өнеріндегі балуанның басты мақсаты – рұқсат етілген әдістердің кез келгенін қолдана отырып, қарсыласының жауырынын жерге тигізу. О баста жиын-тойлардың көркін қыздыру үшін өтетін бұл күрес өнері уақыт өте келе жауынгерлерді шыңдайтын кәсіби дайындыққа ұласты. Бүгінде татар күресі халықаралық деңгейде мойындалған кәсіби спорт түріне айналды. Powerful nomad – ерлер арасында өткізілетін сайыс. Күштілер сайысына 90 келіден жоғары атлеттер қатысады. Олар 5 сайыс түрі бойынша өзара кім мықтыны анықтайды. Ең алдымен 100 келі тасты көтеріп, оны 10 метрге жылжытып жарысады. Сосын 100 келілік қаппен отырып тұруға тиіс. Одан соң 10 келілік найзаны оң немесе сол қолмен 10 метр қашықтықта тұрған нысанаға лақтыруы керек. Төртінші сында 130 келілік бөренені иығына салып, отырып тұруы қажет. Ал соңғы сайыста салмағы 200 келі арбаны 10 метрге сүйреуге тиіс.