Орынбай Ошанов: Қарасаздан көне қалашық орны табылды
Ә.Марғұлан атындағы Археология институты, «Этноархеология» тобының меңгерушісі
– Әңгімемізді Мұқағалидың ауылы Қарасаздан бастасақ. Естуімше, Қарасаздың қасынан көне қала тауыпсыздар ғой?
– Иә, ол рас. Биыл далалық маусымында этноархеологиялық топ Алматы облысы аумағында зерттеу жұмыстарын атқарған болатын. Зерттеу жұмыстары дәстүрлі қазақ қыстаулары, көші-қон жүйесі, жерлеу ескерткіштері және этнографиялық кезеңнің басқа да тұстарын қамтыды. Нәтижесінде, осы кезеңге дейінгі тарих аралығы және одан да ерте заманмен байланысты бірқатар тарихи мәліметтер алынып, материалдар жинақталды. Үлкен тарихи маңызды жаңалығымыздың бірі – бұған дейін белгісіз болып келген Қарасаз қалашығының табылуы. Қарасаз деп орналасқан жердің атымен белгілеп отырмыз. «Қалашық» – әзірге ғана анықтамалық атау. Қарасаз керуен сарай, бекініс немесе басқа да маңызды міндет атқарып тұрған ескі жұрт болуы мүмкін. Оны алдағы толыққанды қазба жұмыстары көрсетеді. Қарасаз қалашығы Алматы облысы Нарынқол ауданы Қарасаз ауылының жанында орналасқан. Қалашықтың өз басы жақсы сақталған. Оны шығыс және оңтүстік-шығыс жағынан көне заманғы қорым қоршап жатыр. Арасынан ХІХ ғасырдағы және заманауи зираттар бой көтерген. Бұл жерде ақиық ақын Мұқағалиды дүниеге әкелген Нағиман ананың зираты да бар. Көне заманғы зираттардың шеткі бөлігі егін алқабын жырту барысында тегістеліп кеткені байқалады.
– Қала ауылдың жанында, тіпті ауыл зираттарының арасында тұрып осы уақытқа дейін қалай белгісіз болып келген?
– Мәселе сол ауыл зиратының ішінде тұрған себепті осы уақытқа дейін бой жасырып келген ғой. Әдетте, археологтар жаңа заманғы ауыл зираттары тұрған жерге көп жуықтай бермейді. Қалашықтың осы уақытқа дейін белгісіз болып келуі оның орналасқан жерімен де байланысты. Бірінші кезекте, қаланың тұрған жері таза көшпелілердің арасы, жайлау мен қыстаулы жерлердің түйіскен жері. Қалыптасқан ұғым бойынша Қазақстанда қала мәдениеті негізінен Сыр бойы, Іле секілді көшпелілердің қыстаулары бойында дамығаны белгілі. Оның үстіне Кеген-Нарынқол аумағында ортағасырлық қала жұрттарының кездесуі сирек жағдай. Керісінше, бұл аймақтар Сақ кезеңінің обаларымен танымал. Осы себепті бұл жақта қала мәдениетін зерттейтін мамандарға қарағанда, Сақ, Түркі секілді көшпелілердің тарихын зерттейтін мамандар көп жүреді. Қалашықтың қазіргі күнгі және ХІХ ғасырдағы зираттарының арасында қалуы зерттеушілердің назарынан тыс қалуына себепкер болғаны анық. Ал біздің жағдайымызда, керісінше, ХІХ ғ. мазарларын іздестіруіміз тарихи қалашыққа тап болуымызға себепші болды. Біздің зерттеу тобы Ә.Марғұлан атындағы Археология институтында жаңадан ашылған этноархеология бағытына жатады. Зерттеу нысандарымыздың бірі – қазақ қыстаулары мен зираттарын кешенді түрде зерттеп, тарихи тұрғыдан жүйелеу. Бұл аймақта ХІХ ғасырға жататын құлағалы тұрған 3 мазар тұр. Соларды суретке түсіріп, өлшемін аламыз деп жүріп осы қалаға тап болдық.
– Сонымен қаланы қай дәуірдікі деп санайсыздар? Нақтылы деректер бар ма?
– Дәл қазір «Қала осы кезеңге жатады» деп шешім шығаруға әлі ерте. Әрі бұл жердің қала орны, керуен сарай, бекініс немесе басқа функция атқарып тұрған құрылыс екені нақтыланған жоқ. Оның барлығы тек қазба жұмыстарынан кейін ғана белгілі болмақ. Әзірге қала деп ала берейік. Дегенмен кейбір болжамдарды жасауға болады. Көз жетіп тұрған дүниеміз – бұл қала-жұрты моңғол дәуіріне дейін болған. Оған осы жұрттан табылған күйдірілген кірпіш үлгілері, қыш ыдыс сынықтары дәлел. Қалашықтың сырт пішін төрткүлді елестетеді. Көлемі 55х60 м шағын ғана келген. Бұрыштарымен төрт тарапқа қараған. Сақталған биіктігі солтүстік бұрышында 2,30 м болады. Қалашықтың Оңтүстік батыс және Солтүстік Батыс жағында, айнала қоршаған үй құрылыстарының орындары байқалады. Қалашық жан-жағынан бұлақ, тау суларының ағысымен қоршалған. Қалашық бір қабатты. Белгілі бір кезең аралығында ғана пайда болып және тіршілігін тоқтатқаны байқалады. Сірә, Қарахан кезеңімен байланысты болуы тиіс. Өйткені Жетісу жерінде қала мәдениетінің сауда-экономикалық тұрғыдан ең бір дамыған кезеңі осы дәуірлер саналады. Қалашықтың Шығыс бұрышында кірпіш қаландысы байқалады. Бүтін шыққан екі кірпіш үлгісінің өлшемдері: 26х26х4 см; 23,5х11х4 см. Бұл Тараз қаласының Қарахан кезеңі құрылыстарының кірпіш үлгілерімен сәйкес келеді. Табылған керамика сынықтары бір қалыпты сұр түсті. Институт мамандарының айтуынша, ортағасырлық керамика үлгілері.
– Қаланы моңғол дәуіріне дейін болған дедіңіз. Сонда моңғолдар қиратқан ба бұл қаланы?
– Қираған қаланың барлығын моңғолдарға жаба беруіміз дұрыс болмас. Оған дейін де Жетісу жері саяси бақталастық, өзара текетірес күрестерге толы болды. Мысалы, 1134 жылы Қарахан мемлекеті қарақытайлардың (қидандар) соққысынан Баласағұн қаласын алдырады. Өз кезегінде қарақытайлардың билігі ұзаққа бармай 1211 жылы найман билеушісі Күшілікке тізе бүгеді. Осы сияқты оқиғалар көп қой тарихта. Қазба жұмысының материалдары ғана қаланың қашан пайда болып, қашан жойылғанын айта алады. Моңғолдарға келетін болсақ, біз бір жайтқа назар аудармай келеміз. Кеген-Нарынқол даласы өзінің табиғат ерекшелігіне байланысты ертеден билеуші әулеттердің жері болып келді. Шалкөде ертеден «Хан жайлауы» (Хан қорығы) болған. Тарихтан белгілісі Шыңғыс ханның ұлы Шағатай хан және оның ұрпақтары, қазақ ханы Есім, қалмақ билеушілері Сыбан Раптан, Галдан Церендер осы жерді жайлаған. Егер Ұлытауда Жошы хан отырса, Кеген-Нарынқол даласында Шағатай хан Орда тікті. Шағатай ұлысының саяси орталығы осы атырап болды. Шағатай астана ретінде Алмалық қаласын таңдап, өзі күз-қыс айларында осы қаладан алыстамай Іленің бойында, Қорғас, Шонжы аралығында өткізіп, көктем шыға Кеген даласына келіп, Қарқара, Түп, Текес бойында жайлауда болған. Одан кейін оның әулеті осы жерлерде көшіп-қонып жүрді. Ақсақ Темірдің өзі бұл аймаққа екі рет жорық жасап келген. Оның бірі 1375 жылы Камарддинге, екіншісі 1389 жылы Енге төреге қарсы Тарбағатай жорығы.
– Жоғарыда бір сөзіңізде «Этноархеология» деп айтып қалдыңыз. Осыны нақтылай кетсеңіз?
– Иә, этноархеология. Ол біздің институт қабырғасында жаңадан ашылған, енді ғана зерттеу жұмыстарын бастаған жаңа сала. Англо-американдық этноархеологияның тілімен айтқанда «өлі» мәдениетті «тірі» мәдениетпен салыстыра отыра зерттеу. Яғни, біз қазақ этнографиясын зерттей отырып, оның нәтижелерін көне замандармен салыстырамыз. Сол арқылы бұрынғы өткен көшпелі халықтармен өзара тамырластығымыз, тұрмыс-салт, әдет-ғұрып, шаруашылығымыз және басқа да мәдени, тарихи тұрғыдан байланыстылығымызды көрсетеміз. Негізі, археология мен этнография ғылымын ұштастыра отырып зерттеу ХІХ ғ. патшалы Ресей кезінде кең қолданылған әдіс болатын. Кеңес үкіметі жылдарында бұл этноархеологиялық әдістемені Ә.Марғұлан, М.Грязнов, А.Бернштам және т.б. кеңес ғалымдары одан әрі жалғастырған болатын. Бірақ Кеңес үкіметінің археология ғылымы ХХ ғ. 70-жылдарынан бастап бұл бағыттан бас тартып, ХVIІ-XIX ғғ. аралығын «этнографиялық кезең» деп бөліп, өз зерттеу аяларынан шығарып тастайды. Осы кезден бастап археология ғылымында түркі-моңғол халықтарының кейінгі тарихын археологиядан аластатып, тіпті олармен арадағы табиғи жалғастықты мойындамайтын «жаңа мәдениеттерді» ашу кезеңі басталады. Бүгінде қазақ археологиясы Ә.Марғұлан ізін салып кеткен этноархеология саласына қайта бет бұруын бастады. Этноархеологиялық топ археологиялық экспедицияның құрамында алғаш рет ресми түрде 2023 жылы Солтүстік Қазақстан облысы аумағында жұмыс жасады. Бұл шара Ә.Марғұлан атындағы Археология институты тарапынан ұйымдастырылды. 2024 жылдың қаңтар айынан бастап институт қабырғасында «Этноархеология тобы» құрылып, ресми жұмыс істей бастады.
– Солтүстік өңірде қандай тарихи жаңалықтарыңызға кезіктіңіздер? Ол жақтың этноархеологиясының негізгі айшықты тұстары туралы не айтар едіңіз?
– Қызылжар өңірінде осымен екі жыл қатарынан зерттеу жүргіздік. Барлығын тізбектеп жатудың қажеті болмас. Кейбір нәтижелері мақала түрінде жинақтарда, ғылыми журналдарда жайлап шыға бастады. Институт ұжымы ұйымдастырып жатқан жинақтар бар дегендей. Солтүстікте мені назар аудартқан және қуантқан келесі жайт. Ол жақта елді мекендердің атаулары негізінен өзге тілде екені анық. Бірақ менің көз жеткізгенім – бұл жақта, керісінше, орман-тоғай атаулары қазақша. Бұл орман-тоғайлар қыстау атаулары ретінде белгілі бір адамдардың немесе тарихи тұлғалардың есімдерімен сақталған. Жалпы, ата-бабаларының есімімен қыстау атауларын сақтау – барлық қазақ даласына тән айшықты дәстүр. Қазақ жеті атасын қалай жақсы білсе, дәл сол сияқты жетінші атасына дейінгі ата қонысын жақсы біледі. Солтүстік өңір де осы өнерден құралақан емес. Мысалы, XVIII ғасырға байланысты қыстауларға Аютас, Қаратал (Құлеке батыр, Шал ақынмен байланысты), Тышқан тоғайы (атығай Тышқан батыр), Айдана тоғайы (уақ Айдана батыр), Битен тоғай (уақ Битен батыр) және т.б. тоғай атауларын келтіруге болады. Ал ХІХ және ХХ ғасырдың бас кезіне дейінгі қазақ қыстауларының атауын (тоғаймен бірге) есептеу мүмкін емес, ол өз алдына тұтас бір тізім және жеке кітапқа жүк боларлық дүние. Бір сөзбен айтқанда, «солтүстік орман-тоғайлары – дәстүрлі қазақ қыстауларының көрсеткіші десек, ал олардың (орман-тоғайдың) атаулары өлкедегі қазақ руларының шежіресі және тарихы деуге болады.
– Сонымен, Қарасаз қаласына оралатын болсақ. Қала жөнінде қандай жоспарларыңыз бар?
– Негізі, бұл қала-жұртының табылуын кездойсоқ оқиға деп қарауға болмайды. Бұл – Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының бүгінгі іске асырып жатқан бағдарламаларының нәтижесі. Институт қабырғасында неше жыл қатарынан әр облысты немесе аймақты тас дәуірінен этнографиялық кезеңге дейінгі аралығын қамтитын «Бағдарламалық-мақсатта қаржыландыру» (БМҚ) жобасы іске асырылып келеді. Бұл бағдарлама бойынша институттың әрбір бөлімі өз зерттеу аясында облыс территориясын сүзіп шығады, яғни жаңа ескерткіштерді есепке алады, есептегі ескерткіштің жай-күйін анықтайды дегендей. Қарасаз қалашығы да Алматы облысы бойынша осындай бағдарлама негізінде табылып отыр. Біз этнографиялық кезеңді қамтыдық. Бізден кейін жақында бұл аймаққа ерте дәуір, ортағасыр кезеңінің мамандары барады. Араларында қала қазудың нағыз мамандары бар. Міне, олар да бұл қалада мәлімет алу мақсатында аздап «шурфтар» салып көруі мүмкін. Осы зерттеулерден кейін ғана қала туралы нақтылы мәліметтер, деректер алынып, болашақ зерттеу жұмыстарының негіздемесі жасалады. Енді ғана анықталып жатқан қала ғой. Оны толыққанды зерттеу, қаржы көзін шығару, жоспарға алу алдағы болашақтың ісі.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Б.БАЛЫҚБАЙ