Әбубәкір Қайран: Қазақ барда қазақы ұғым, қазақы таным жоғалмайды
Ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты
– Ақын аспаннан түспейді, адамдар арасында туып-өседі, қалыптасады. Сондықтан әр ақынды әдебиет әлеміне алып келетін жол оның жас кезінен басталатыны анық. Сізді сөз өнеріне ғашық қылған қандай жағдай?
– Бұл – өзімді де іштей толқытып, толғандыратын, тіпті, өзіме өзім қоятын сауал. Өзің айтып отырсың ғой, ақын аспаннан түспейді деп. Рас сөз. Ең әуелі айтатыным, адамның өнерге, қандай да бір кәсіпке қабілетті болуы Жаратқаннан шығар. Бірақ адамның бойындағы дарынды қозғайтын, жандандырып-ұштайтын бір себептер, әсерлер болады ғой. Менің ақын болуыма әкем Рахметолла, шешем Биқан, сосын әкемнің ағасы Жүніс атам себепкер деп ойлаймын. Десе де, менің көркем әдебиетке деген құштарлығымды оятқан ең үлкен ағам болды. Әкем де, Жүніс атам да батырлар жырын, Шәкәрімнің поэмаларын, Міржақыптың өлеңдерін, «Зарқұм», «Салсал» секілді діни қиссаларды жатқа білетін. Тіліміз шыға бастағаннан әкеміздің, атамыздың әлгі жыр-дастандарды айтқанын, оны жұрттың алқа-қотан отырып тыңдағанын көріп өстік. Оны «сен де тыңдап отыр» демесе де біртіндеп санаңа құя береді екенсің, құштарлығың ояна береді екен. Сосын өзіңнің ыңғайың болуы керек. Мен 5 жасымнан бастап бүкіл әріпті оқып, жазып үйреніп алғам.
– Сіз Семейдің Ақсуатында дүниеге келгенсіз ғой, әке-шешеңіз өткен ғасырдың ортасында елге Қытайдан көшіп келген көрінеді?
– Иә! Әкем, Жүніс атам отбасымен 1955 жылы Қытайдың Шәуешек деген қаласының маңындағы Шағантоғай деген жерден елге өткен. Оларды бері өткен соң бірден пойызға салып, Қырғыз Республикасының Ош облысына апарып, мақта тергізіп қойған. Жүніс атам (ол кісі де, әкем де қолмерген, атбегі кісілер еді) сол қырғызға барған жерінде Сүлеймен деген кісімен дос болған. Мақта теру маусымы аяқталған соң біздің отбасы әлгі кісінің көмегімен, пойызға отырып Семей облысының Тарбағатай тауының бауырындағы Ақсуат ауданынан бір-ақ шыққан. Ол жерге қоныстанған соң кеңшар басшысы әкемнен қолыңнан не келетінін сұрап, әкем малға қатысты барлық шаруаны білетінін айтқан соң Ақсуат кеңшарындағы 55 түйені бір өзі бағып жүрген Мүлік дейтін ақсақалға көмекші қылып бекітеді. Сол Мүлік атам мен туғанда кіндік атам болыпты. Анам он құрсақ көтерген (біреуі арғы бетте сәби кезінде шетінеп кеткен) оның біреуі – қыз бала. Қазір содан қалғанымыз – қарындасым екеуміз ғана. Үлкен ағам Қалихан 48-жылғы. Одан соң Азатхан, Түсіпқали, мен. Менен соң Тұрсынғали, Сіләмғали, Жақсыгелді.
– Әлгінде, жазуды оқу, жазуды ерте үйреніп алғам дедіңіз, оған кімнің көмегі болды?
– Жоғарыда айтып өткен Мүлік атамның Тоғайша деген қызы болды. Бәріміз Әйтәте (Әй-әй тәте деген сөз ғой) дейміз ол апайды. Әйтәте менің 5 жасар кезімде Семейдің педучилищесінде оқып жүрді. Бастауыш сынып мұғалімі мамандығы ғой. Сол апай жазғы демалысқа келгенде маған әріп үйрететін. Әріптерді жерге сызып, қағазға жазып үйретеді. Соған қатты қызығып, бір жазда-ақ әріптерді жазуды, оқуды үйрендім де алдым. Одан қалса маған «Әліппе» кітабын алып келген. Әріпті үйреніп алған адам қарап отыра ма, «Әліппені» зуылдатып оқимын. Солайша, мектепке бармай тұрып оқуды үйреніп алғам. Тоғайша апай келер жылы мұғалім боп келіп, жасым жетпесе де мені 1-сынып оқушыларының арасына апарып отырғызып қоятын. Онымен қоймай, мені тақтаға шығарып жаздырады, оқытады. Балаларға «Міне, көрдіңдер ме, әлі мектепке келмеген бала қалай оқып, жазады» деп өзгелерге үлгі қылып көрсететін. Осы күннің тілімен айтқанда, өзгелерге мотивация беру ғой.
– Содан кітапқа құмар болдыңыз ба?
– Құмар болдым. Қолыма кітап тисе оқи беремін. Сөйтіп жүргенде ауырып қалдым. Көз тиді ме, басқа жағдай ма, біле бермеймін енді. Сол кезде Қалихан ағам маған мұқабасында қасқырдың ұлып тұрған суреті бар жұқа кітап әкеп берді. Ол Мұхтар Әуезовтің «Көксерегі» екен. Ағам кітапты маған беріп тұрып, «Әбіш, мынау қазақтың керемет жазушысының қасқырдың бөлтірігін өсірген бала туралы кітабы. Аяқ жағын оқығаныңда, бәлкім, көңілің босап көзіңе жас келуі де ықтимал. Бірақ саған ұнайтын шығарма. Осыны оқып шықсаң – ауруыңнан жазылып кетесің» деді. Тез-ақ оқып тастадым. Әңгімеде баяндалатын оқиғалар маған қатты әсер етті. Тіпті, көзіме елестеді десем артық болмас. Содан бастап көркем әдебиетке біржола беріліп кеттім. Үйде кітап баршылық. Арасында Қалихан ағам жаңа шыққан кітаптардан әкеп тұрады. Ол кісі мектепті күміс медальмен бітіріп, малдәрігерлік институтына өз күшімен түсті. Бірінші курста оқып жүргенінде мені атқа жеккен шанамен аудан орталығына апарып, кітап дүкенін көрсетті. Кітап дүкенінде кітап толып тұр, қаптаған кітаптарға таңырқап қараймын. Ағам маған қалаған кітабыңды ал деді. Бір құшақ кітап алып шықтым. Менің кітапқұмарлығымды қолдағаны ғой, ағалық жүрекке тең келер нәрсе бар ма? Ол кезде біздің ауылға әлі электр жарығы келмеген. Мен үшке келгенде кеңшардан 5-6 шақырым жердегі біз отырған Түйебазға – екі отбасына арнап үй салған-ды. Бір жағында Мүлік ақсақалдың отбасы, бір жағында біздер тұрдық. Сол кезде кітапты күндіз өзіміздің меншік қойымызды бағып жүріп оқысам, түнде ондық шамның жарығымен оқимын. Прозамен тұрмай, поэзия кітаптарын да оқыдым. Әке-шешеміздің жатқа айтатын өлең-жырларын көп естігеннен, бәлкім, батырлар жырын көп оқығандікі шығар, әйтеуір, 5-сыныпта жүргенде өлең жазғым келетін болды. Жазып көрсем, тәп-тәуір сияқты. Содан өлеңдерімді хатпен «Қазақстан пионері» газетіне (қазіргі «Ұлан» ғой) жібере бастадым. Онда біраз жазғандарым басылған соң аудандық «Еңбек туы» газетіне жолдайтын болдым. Ондағы ағалар, «Мына өлеңдерің тәп-тәуір, ақынсың ғой өзің» деп, арқамнан қағып қанаттандырып газетке басты. 9-сыныпта оқып жүргенімде облыстық «Семей таңы» газетіне өлеңдерім басылды. Осының бәрі маған әсер етіп, ақын болсам деген арман пайда болды. Мектепті бітірген соң КазГУ-дің Журналистика факультетіне құжат тапсырдым. Қолтығымда бір папка жарияланған өлеңім бар, шығармашылық конкурсынан өттім. Әдебиеттен жазбаша емтиханға еркін тақырыпта Кәмшат Дөненбаева туралы жаздым, ауызша емтиханнан да, жазбаша емтиханнан да «5» алып, тарихтан «4» алған соң, неміс тілінен болған емтиханда «ұшып» кеттім. Аттестатымда неміс тілінен «4» қойылған ғой. Ол тілден оқытқан апайымыз тіл үйретуге онша мән бермеді-ау деймін. Сабақта «Огонек» журналында шпиондар туралы жазылған материалдарды оқып беретін бізге. Ол сабақта уақыт жақсы өткенімен, тіл үйрену жөніне қалды. Енді міне, сол кемшілік алдымнан шығып тұр. Неміс тілінің толық курсын оқымады деген анықтама алып келгенде болады екен, біз оны қайдан білейік. Қашқанмен жан қала ма, амалсыз емтиханға кірдім. Емтиханда қысқа ғана мәтін берді, соны оқып, аудару керек. Отырып-отырып, түк бітірмей шығып кеттім. Сол кезде журфактың деканы Темірбек Қожекеев еді, сол кісінің «Әй, Қайранов, қайран кеттің-ау» дегені әлі құлағымда тұр.
– КазГУ-ге түсе алмасаңыз да Семей пединститутын бітіріпсіз. Ол жердегі өміріңіз қалай өтті?
– Алматыда оқу бұйырмаған соң елге келдім. Мінезім тентектеу болған соң әкем бос жүрсе бұзылып кетер деді ме, тауда тастан қора салатындарға қосып жіберді. Күш тасып тұрған жас кезіміз, тас қалаушы болып шыға келдік. Айлығы жақсы. Онда жүргенде де қол сәл босаса кітап оқимын. Өмірімде істеген қара жұмысым сол ғана болды. Келесі жылы Семейдің пединститутының филология факультетіне оқуға түстім. Сол жерде оқығаныма әлі қуанамын. Өйткені маған әдебиеттің не екенін түсіндірген, ақындығымды ұштаған Семей ғой. Ондағы ұстаздарым қандай! Қайым Мұхаметқанов секілді мықты ғалымнан білім алдым. Ол кісінің сүйікті шәкірті болдым. Баласындай жақын болдым, үйіне де ертіп баратын. Семейдегі «Ертіс» қонақүйінің астында ресторан болатын. Қайым аға біз оқып жатқан аудиторияның есігін ашып тұрып, «Қайрановты босатшы» деп мені сабақтан сұрап әкетіп, әлгі ресторанға ертіп баратын. Несін жасырайын, ағамыз екеуміз стакан да соғыстыратынбыз. Қайым аға маған, сол кезде оқуға тыйым салынған Шәкәрім, Жүсіпбек, Міржақып, Мағжан туралы айтып, шығармаларымен таныстыратын. Ол кісінің әкесі Мұхаметхан ақсақал Алаш орда қайраткерлерімен бірге жүрген білімдар адам болған ғой. Репрессия кезінде атылып кеткен. Ол кісінің үйінде Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов секілді тұлғалардың бәрі болған. Қайым аға солардың бәрін көзімен көрген, әңгімесін естіген адам ғой. Олардың төте жазумен шыққан кітаптарын, суреттерін көрсететін. Міне, ол кісі маған солай ұстаздық етіп, алашшыл әдебиеттің рухын бойыма сіңіріп жіберді. Тағы да ұстаздарым туралы айтсам, тілді, әдебиетті терең игеруіме тілші ғалым Қинаят Шаяхметовтің, әдебиет теориясынан дәріс оқыған Қуандық Фазылұлы Мәшһүр-Жүсіповтің, төте жазуды үйреткен Жұмағали Сәрсеновтің еңбектері мол. Соның арқасында студенттер арасында өтетін республикалық білім олимпиадасына жылда қатысатын едім. Жүлдесіз қайтқан кезім жоқ. Төте жазуды сол кезде жақсы білетін едім, қазір жиі қолданып жүрмеген соң ұмыта бастаппын. Кезінде сол жазумен ауылдағы ата-анама хат жазатын едім. Олар сол жазумен хат таныған адамдар ғой, баласының өздеріне таныс жазумен жазған хаттарын рахаттанып оқиды екен. Ол кезде Семейдегі Абай музейінің директоры белгілі әдебиеттанушы ғалым Төкен Ибрагимов болатын. Өзі ауылдас, нағашылығы бар. Музей – ол кісінің екінші үйі еді. Музейде кітап көп, керемет. Ол кісі мені үйіне шақырып тұратын. Бірде тағы үйге келіп кет деді. Бардым. Төкен аға Семейге атақты ақын Өтежан Нұрғалиев келеді, соны күтіп алуымыз керек деді. Вокзалға бардық. Үстінде спорт киімі бар, шашы дудыраған, келісті кісі екен. Өтекең Төкен ағаның Алматыда бірге жүрген досы екен мені ол кісіге таныстырды: «Мынау Әбубәкір Қайранов деген мықты жас ақын. Бұйырса, сенен де күшті ақын болайын деп тұр, бұдан қорық» деп әзілдеп қояды. Сосын Өтежан ағаны конақ қылдық. Ондай атақты ақынмен алғаш дастарқандас болуым. Ағалар шараптан маған да құйды. Ол кезде жаспыз, ұрттағанға алдыра қоймайтын кезіміз. Үлкендерден қалыспай сілтеп отырмын. Ағалардың кеңдігі ғой, мені бала демей, өздерімен тең санайды. Сосын өлең оқытты. Дауылдатып, екпіндеп оқимын. Өтекең о кезде «Жалын» баспасында редактор екен. Менің өлеңдерімді тыңдап, «тәп-тәуір жазады екен, мына баланың кітабын шығару керек қой» деп риза болып отырды. Ертеңіне Өтежан ақынды Семейге қыдырттым. Сосын студенттермен кездесу өткіздік. Сөйтіп, қазақтың белгілі ақынын сыйлап, шығарып салдық. Ол кезде пединституттың ІІ курс студентімін. Өтекең Алматыға қайтқан соң ол кісіге өлеңдерді жіберу қамына кірістік. Абай музейінде жазушы Кәмен Оразалиннің қызы Зере апайға екі қалың дәптер өлеңімді апардым, ол кісі сартылдатып басып берді. Сосын Төкен аға Алматыға іссапармен бара жатқан музейдің қызметкерінен өлеңдерімді беріп жіберді. Солайша, ІІІ курста Өтежан Нұрғалиев ағамның шарапатымен қазақтың бірнеше дарынды ақынымен бірге менің де 1980 жылы «Бастау» деген кітабым шықты. Ол кітап туралы Ақылбек Манабаев, Мерғали Ибраев секілді ақындар «Семей таңы» газетіне кітабымды мақтап мақалалар шығарды. Сөйтіп жүргенде Ақсуат ауданында кеңшарлар арасында жергілікті өнерпаздар арасында байқау өтіп жатыр екен, соған барып, Ақсуаттың жуан жұдырық бір жігітімен төбелесіп, милицияға түсіп қалдым. Онда үш күн жатып, аудандық «Еңбек туы» газетінің редакторы шығарып алды. Бірақ аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Семей пединститутының ректорына мені қоғамдық орында тәртіпсіздік жасады, төбелесті деп хат жіберіпті. Чернов дейтін ректор мәселемді өзі қарап, оқудан шығармақ болды. Бірақ филология факультетінің студенттері тік көтеріліп қарсы болды. Факультет деканы мен оқытушыларымның бәрі мені қолдады. Оқудан шығармады, бірақ ректор «оқуда қалғаныңа қуан» деп, мені жатақханадан шығарып жіберді. Ол кезде жақсы оқитын студент ретінде 50 сом көтерме стипендия алатын едім, одан да айырды. Сосын ақын Айбек Сапышев екеуміз пәтер жалдап тұрдық.
– Институтты бітірген соң аз ғана уақыт мектепте жұмыс істеген көрінесіз. Еркін жүріп қалған ақын адамға қиын болмады ма?
– ІІІ курста курстасым Гүлзияға үйлендім. Келесі жылы оқуды қызыл дипломмен бітіріп, жолдама бөлер кезде мені Алматы облысына жіберетін болды. Сирек кездесетін қызық жағдай: Семей пединститутының филология факультетін бітіріп жатқан жас маманға бір жолдама келген, Алматы облысының Ұйғыр ауданына. Соны маған берді (ол кезде тұңғышымыз дүниеге келген). Сөйтіп, жүгімізді пойызға салып, Алматы облыстық білім бөліміне бардық. Жанымызда бізді апарып орналастырып қайтамын деген достар бар. Бірақ ол жер бізді Ұйғыр ауданына емес, Күрті ауданына жіберетін болды. Сонсоң жолдаманы қолымызға ұстап, Күрті ауданының білім бөлімінің бастығы Аманбеков деген кісіге жолықтық. Ол кісі маған «Өзің ақын екенсің, сені бір тамаша жерге жіберейін, өзен де сонда, аң да сонда» деп Топар деген кеңшарға жіберді. Ол жерге барған соң Толқын деген мектеп директорының орынбасарының үйінде 5-6 күн тұрдық, сосын бізге 3 бөлмелі үй берді. Бір жарым ставка сабақ берді мектептен. Топарда мен қатарлы жастар көп екен, бәрімен достасып алдым. Адамдарының бәрі бауырмал, мейірбан. Тура, өзімнің туған ауылымдай болып кетті ол жер. Ол кезде асаба деген жоққа тән. Мен студент кезден кездесулерді жүргізіп үйренген адаммын. Ауылда той басқарып, одан атағым Күрті ауданына белгілі болып, жан-жақтан той басқаруға шақырушылар көбейді. Тойда сөйлейтін адамдардың тізімін алып келіп тұрады. Кеңшардың басшыларымен де жақсы болдым. Олар мектептен шығып келе жатқанымды көрсе дереу кеңсеге шақырып алады. Мені асаба ретінде танытқан да сол кісілер болды. Бір жыл істеген соң келіншегім екеуміз ауылға бардық. Бір жастан өткен қызды шешем алып қалды, сендерге қолбайлау болмасын деп. Екінші оқу жылында Гүлзия да мектепке орналасты. Сосын мені кеңшардағы интернатқа меңгеруші етіп қойды. Жас кез, жұмысты үйіріп әкеттім. Негізі жас адамға қол жұмыс емес, сонда да тазалыққа мән беріп, интернатты түрлі плакат, транспарантпен безендірдім. Бірде интернатты көруге келген баяғы Аманбеков ақсақал жұмысымды көріп мақтады, «Жас келсе – іске» деген, интернат осындай таза, әдемі болуы керек қой» деп. Тек шашыма сын айтты, «педагог адамның мынадай шашы ұзын болмауы керек» деп. Ол кезде шаштың артын жіберіп қоятын кез ғой. Шашымды қысқартқым келмейді, қидырсам, біртүрлі, сымпиып қалатын сияқтымын. Бір жағынан Алматыға кеткім келіп жүр, бірдеңем жақпай қалып, жұмыстан шығарып жіберсе екен деген ой ғой, жиналыстан соң қасына барып «Аға шашымды қиғым келмейді, болар-болмас қысқартсам қайтеді» деп, ол кісі «Шашыңды қимай-ақ қой, жиналыста кішкене болса да сын айту керек, сосын айта салғам» дейді.
– Алматыға, әдеби ортаға қалай келдіңіз?
– Шарт бойынша екі жыл жолдамамен мектепте жұмыс істеген соң ішім ұлып, әдеби ортаға аңсарым ауа бастады. Қалайда мектептен кету керек. Алматыға келгенде Тұрсын Жұртбай ағама соғып тұратын едім. Демалыста ағамның үйіне барсам, ол үйге Асқар Егеубаев, Несіпбек Айтов, Баянғали Әлімжанов үшеуі әйелдерімен қонақ болып келіп отыр екен. Мәре-сәре болдық та қалдық. Мен Алматыға келгім келетінін айттым. Дәл сол кезде Несіпбек Айтов «Балдырған» журналынан баспаға ауысқалы жатыр екен. Ағалар мені соның орнына жұмысқа орналастырғысы келіп, дереу журналдың редакторы Мұзафар Әлімбаевтың үйіне алып барды. Мені Мұзағаңа таныстырды, өлең оқытты. Ол кісі мені балаларға арнап шығарма жазуым керек екенін ескертті. Сөйтіп, аяқ астынан 15 күннен соң «Балдырғанның» қызметкері болып шыға келдім. Гүлзия тағы бір жыл Топардағы мектепте мұғалім болды. Ал мен «Балдырғанда» 3 жыл істедім. Мұғалім болып жүргенде түк өлең жазбадым десем де болады. Күндіз жұмыста, кешкісін достармен жүру. «Балдырғанда» балаларға арнап жазуды үйрендім. Кейін «Жалын» баспасына балалар әдебиеті бөліміне ауысып кеттім. Ол жерде талай балалар ақынының кітабын редакцияладым. Небір нашар авторлардың кітаптары жолын тауып жоспарға кіріп кетеді. Соларды кітап деңгейіне келтірем дегенше шашың ағарады...
– Басылымдарда, баспада редактор болудан не сабақ алдыңыз?
– Басылымдарда редактор болудың пайдасы зор. Түрлі авторлардың туындыларын редакциялап отырып, өз шығармаңа өзің сын көзбен қарауға үйренесің. Талғамың күшейеді. Өзіңді тәрбиелейсің! Бір сөзбен айтқанда, баспада жұмыс істеуім маған үлкен мектеп болды.
– «Қазақстан мектебі» қазақ педагогтарының төл басылымы ғой. Онда да еңбек етіпсіз?
– 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі қазақ басылымдарына, баспаларына әсерін тигізді ғой. Барлық жерде тазарту жүрді, бізді де ретін тауып жұмыстан шығарып жіберді. Содан бір-екі жыл жұмыссыз жүрдім. Бірде «Қазақстан мектебі» журналында бір орын бар деп естіп, журнал редакторы Сайраш Әбішеваға жолығып, жұмысқа тұрдым. Мамандығым – мұғалім, педагогика мәселесі маған жақсы таныс. Журналдың жұмысын тез игеріп кеттім.
– Енді шығармашылығыңыз жайлы әңгімелессек: баяғы «Бастауыңыз» бен «Маңдайдағы жазулар» (2003) атты кітабыңыздың арасында ширек ғасырдай уақыт бар. Кітаптарыңыздың шығуына не кедергі болды?
– «Жалын» баспасынан кеткеннен соң, ненің әсері екенін қайдам, басылымдарда өлеңдерім жарияланбады. Бәлкім, Желтоқсан оқиғасынан соңғы кездің әсері ме, кім білсін. Сол кезде ащы өлеңдер жаздым, ашып та, астарлап та. «Албан Ұзақ батырдың ақырғы сөзі» деген өлеңім де сол кезде жазылды. Өндіріп жазып, екінші тынысым ашылғандай болса да, ұсынған кітаптарым баспалардың цензурасынан өтпей, жеке кітап шығару мүмкін болмай біраз жүрдім. Ортақ жинақтарға бір жарым, екі баспатабақтық өлеңдерім енгізіледі, әйтеуір. Сөйтіп, еліміз тәуелсіздік алғанына 12 жыл болғанда ғана «Маңдайдағы жазуларым» шығып, жолым ашылды ғой. Ол кітапты әдеби жыл қорытындысында баяндама жасаған белгілі ақын Сәкен Иманасов «Жыл кітабы» деп атады, 2005 жылы халықаралық «Алаш» сыйлығына лайық деп танылды. «Бастаудан» басқа кітабым шықпаса да, Жазушылар одағына 1990 жылы өттім. Сол кезде Мәскеуде өткен бүкілодақтық жас ақын-жазушылардың жиынына Тұрсынжан Шапай, Гүлнар Салықбай бәріміз қатыстық. Мұндай жиынның қорытындысында әр республикадан бір адамды КСРО Жазушылар одағына бірден қабылдайды екен. Соған орай, поэзия бойынша мен, проза бойынша Жүсіпбек Қорғасбек өтті. Егер сол кезде жолым болып кетпегенде, одаққа да кеш өтер ме едім, кім білсін.
– Шығармашылығыңызға әсер еткен ақындардан кімдерді айтар едіңіз?
– Әрине, ақын бірден қалыптаспайды. Еліктеу жолынан өтеді, өзгелерден көп үйренеді, сөйтіп дарыны болса өз жолын тауып кетеді ғой. Шығармашылық жолда өзіне тартатын ақындар болады. Оның бәрі заңды. Тұманбай Молдағалиевтің лирикасының нәзіктігі жүрегіме жылы тиетін. Ол кісі махаббатты көп жазды ғой, бірақ Тұмағаң жырларын ұната тұра, махаббатты жазуға құштар болмадым. Ол кісіден жырдың жүрекке әсер ететін жылы ағысты сіңірген шығармын деп ойлаймын. Ал Қадыр Мырза-Әлидің өлеңдері түзу кірпіш қалағандай мүлтіксіз. Қадағаңдай жазуға талпынғандар көп болған шығар, бірақ сол жолда оны маңайлай алғандар өте аз деп білемін. Тұмағаңды қайталауға болатын шығар, бірақ Қадағаңды қайталау өте қиын. Сосын студент кезімде тереңдігіне таң қалдырған ақыным – Жұмекен Нәжімеденов болды. Төлеген Айбергеновтің кітабын оқушы кезімде көріп, өлеңдерін жатқа оқитын едім. Оның атақты «Бір тойым бар» атты өлеңін асабалық жасағанда талай тойда оқыдым. Ал Жұматай Жақыпбаевтың студент кезімде қолыма түскен «Саратан» атты кітабын сүйіп оқыдым. Жұматайдан сұлу поэзияны көрдім. Жұмағаң мен Алматыға келгенде «Жалын» журналында істейді екен. Одақта таныстым. Өле-өлгенше жұбымыз жазылмады. Тіпті, қайтыс боларынан 4 күн бұрын, ауруханада жатқанымда келіп, көңілімді көтеріп кеткен... Мұндай жайлар туралы кезінде жазғам.
– Кейінгі жылдарда өндіріп жазып жатқаныңыз байқалады.
– Құдайға шүкір, кітаптар шығып жатыр. Балаларға арналған «Өскелең» деген кітабым шықты. «Жасыл жаңбыр» деген таңдамалым, екі томдығым жарық көрді. Өзге де бірнеше поэзия кітабым басылып шықты. Өткен жылы «Атамұра» баспасы «Жылдарым менің – жырларым» атты кітабымды шығарып берді. Кейінгі кезде новелла жазумен айналысып, бұл жанрда 20-дан артық туынды бітірдім. Олардан жинақталған «Күмән мен күнә» кітабым мемлекеттік тапсырысқа қабылданды. Қомақты қаламақы төледі. Одан кейін «Фолиант» баспасынан «Байтақ» деген қалың өлең кітабым «Абай жолы» сериясымен жарық көргелі жатыр. Сондай-ақ Abai баспасынан «Қара қоныс, қара жұрт» деген кітап басылып шықпақ. Сөйтіп, бұйырса, биыл үш кітабым оқырманға жетпек. Жас келген сайын адамның жүрегі салқындай бастай ма, кейінгі кездері лирикаға зауқым соға бермейтін болыпты. Тарихи поэмалар жазуға ден қойдым. Олардың тақырыбы сонау Алтын Орда дәуірінен ашаршылыққа дейінгі кезеңді қамтиды. «Кенесары» деген поэмамның өзі 100 беттік кітап болды. Алтын Орда дәуірі туралы «Үш арыстан» деген поэма жаздым. Үш арыстан деп отырғаным – Ақсақ Темір, Тоқтамыс, Едіге. Бұлар Алтын Орданың түбіне жеткендер ғой, сол туралы айтылады поэмада. Жеті жарғы туралы «Низам» деген поэма жаздым. Ол туынды Қазақ хандығының 550 жылдығына орай өткізілген әдеби байқауда жүлде алды. Қабанбай батыр туралы жазған «Ерасыл» деген поэмам бір кітабыма кірді. Шығармашылықтағы кейінгі жылдардағы жаңалығым осындай. Жалпы, әдебиет деген жеке адамды ғана емес, ұлтты да тәрбиелейтін үлкен күш қой. Адамдардың ішкі рухының мықты, жүрегінің жылы болуына әсер ететін, ел мен жерге деген махаббатын оятып, маздататын құдірет. Қазақ әдебиеті осы қасиетінен айрылмауын тілеймін.
– Кейінгі жастардың поэзиясын оқып тұрасыз ба?
– Менің негізгі оқитыным – әдеби басылымдар ғой. Содан көріп тұрамын. Жалпы, жастардың жазғандары туралы асықпай зерттеп оқып пікір айтпаса, бұл – бір өте нәзік, шетін мәселе. Өйткені, үстіртін пікір айтсақ, жастардың жан-дүниесін ауыртып алуымыз мүмкін. Біреуін асыра мақтап «ауыртып» алсақ біреуін қаттырақ сынап, бетін қайтарып алуымыз мүмкін. Сондықтан бұл мәселеге өте сақ қарау қажет. Атүсті айта салу обал.
– Сіздердің кезіңіздегімен салыстырғанда бүгінгі поэзияның қандай айырмашылығы бар?
– Айырмашылығы үлкен. Өткен ғасырдың 50-жылдарында Қасым Аманжолов поэзиясы біраз саясиланған қазақ жырына жаңа екпін әкелсе, 60-жылдардағы ақындар оны тереңдетіп әкетті. Одан кейін 70-80 жылдарда қазақ жыры өзгеше екпіндегі, азаттыққа ұмтылған поэзия дер едім. Тәуелсіздіктен бергі жерде поэзиямызға келген жастарда шетел әдебиетін оқуға ден қойып, өзге жаққа көз тіге бастады. Әрине, оның әсері болмай тұрмайды. Кей жастардың шетел поэзиясына еліктегені сонша, қазақ өлеңінің өзіне тән қасиетіне үрке қарайтын жағдайға жеткен сияқты. Бұлыңғыр, күңгірт бір сарындар көбейді. Қазақ ақыны боламын деген адам ұлттық негізден айрылмауы керек. Астарлы ой айту, өзінше жол салуға ұмтылған жақсы, бірақ тамыры басқа жақтан болса, ол өзге елдің туындысын аударғандай әсер етеді. Өздері үшін жаңалық, қанша тосын көрінгенімен, мұндай құбылыстардың бәрі өткінші деп ойлаймын. Қазақ барда қазақы ұғым, қазақы таным жоғалмайды.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Ахмет ӨМІРЗАҚ