Майқайыңда қаза тапқан құтқарушының отбасы 120 млн теңге өндіріп алды
Әрбір туысының пайдасына қойылған талап көлемінде 30 миллион теңгеден, жалпы сомасы 120 миллион теңге моральдық зиянды өндірілді.
4 қаңтар күні Майқайың кенішінің аумағында болжамды өрт орнына технологиялық жолмен келе жатқанда үш құтқарушы мен жүргізушісі бар автобус шұңқырға құлап кеткен. Қаза тапқандар «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» ЖШС-нің қызметкерлері.
– Осы факті бойынша арнайы комиссия жазатайым оқиғаға тексеру жүргізіп, оның қорытындысы бойынша жұмыс берушінің кінәсі – 100%, жұмыскерлердің кінәсі – 0% екені анықталды, – деді соттың баспасөз орталығында.
Қайтыс болған құтқарушы Т.-ның анасы, қызы, ұлы және әпкесі қызметтік міндеттерін атқару кезінде оның қайтыс болуына байланысты моральдық зиянды өтеу туралы талап қоюмен сотқа жүгінді.
Моральдық зиян олардың моральдық азап шегуінен, ұлынан, әкесінен, ағасынан айырылуының ауырлығынан, жерлеу кезінде онымен қоштасуға мүмкіндік болмауынан, жұмыс берушінің көңіл айтып, қолдау көрсетпеуінен болып отыр.
– Сот болған жазатайым оқиғаға жұмыс берушінің 100% кінәсін негізге ала отырып, қайтыс болған құтқарушының туыстарының талаптарын толық көлемде қанағаттандырып, әрбір туысының пайдасына қойылған талап көлемінде 30 миллион теңгеден, жалпы сомасы 120 миллион теңге моральдық зиянды өндірді, – деді ведомствода.
Шешім заңды күшіне енген жоқ.