Жаңалықтар

«Әкетті-ау ерте қызды алып»: Абай Бегей 16 жасында отбасын құрған қызына терме арнады

Әлеуметтік желі

Бір ай бұрын белгілі әнші Абай Бегейдің 16 жастағы қызы Сымбат теңін тауып, тұрмыс құрған болатын.

Қайын ата атанған әнші жаңа құдасы мен құдағиын, қызы мен күйеубаласын есікашарға шақырып, үйіне қонақ қылған, деп жазады turkystan.kz.

Үкілеп өсірген қызғалдағын көріп, көңілі босаған әнші дастархан басында қызына терме арнаған.

«Келін болған қызымды,

Көріп көңілім бұзылды.

Танымайтын жат елдің,

Шайын құйып, сызылды.

Көлегейлеп көзімді,

Көзімнен жасым үзілді,

Еркелігі үйдегі.

Елес боп көзге ілінді.

Қызым отыр майысып,

Кең дастархан жайысып.

Қолы ұзарған құдағи,

Отыр қою шай ішіп.

Құдамыз жүр қуанып,

Шыр айналып, бұралып.

Көбейгесін баласы,

Екі отбасы құралып.

Мен отырмын мұздалып,

Елжіреп-ай сыздалып.

Өсірген гүлдей жайнатып,

Әкетті-ау ерте қызды алып.

Қызыма қимай қараймын,

Секілді шыққан арай күн.

Қайтеміз енді амал не?

Бақтарыңды қалаймын!», - делінген терме жолдарында.

Мұны көрген желі қолданушылары жас жұбайларға бақыт тілеп, жылы лебіздерін жаудырып жатыр.