Жаңалықтар

«Күйеу балама рахмет, қашан да мамалап тұрады»: Айнұр Ілиясованың анасы жан жарасын айтты

коллаж: turkystan.kz

Белгілі жүргізуші, актриса Айнұр Ілиясова 2 қыркүйекте 39 жасқа толған.

Туған күніне орай өз анасынан сұхбат алған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Айнұрдың анасы жас кезінде Қазақстанда оқуын бітіріп, Ташкентке практикадан өтуге барған. Сол кезде ауған азаматымен танысып, бастапқыда дос болып, кейін көңіл жарастырып, өмірге Айнұрды әкеледі. Өзге елде өмірге сәби әкелу, бағу, аяққа тұрғызу оңай болмапты.

«Әкең студент болды. Отырыста таныстық. Жақын дос болдық. Басында жай араласып жүрдік. Ташкент қызықты қала ғой, киноға бардық, қызықты жерлерін аралап жүрдік. Бір-бірімзі жақсы көрдік. Арамыздағы махаббаттан сен тудың. Сені Ташкенттің перзентханасында үш күн толғатып, босандым. Шыққан соң сені құрбыммен жатақханаға алып келдік. Сосын сені Қазақстанға әкеліп тастадым да, қайтадан барып кішкене жұмыс істедім. Атаң басында ренжіді, ашуланып, шу шығарды. Кейін немере деген тәтті екен, бірінші немерем деп сені жақсы көріп кетті. Мен Өскеменге келіп, жұмысқа тұрып орналасқанша, үш жасыңа дейін атаң мен апаң бақты», - дейді анасы.

Содан бастап анасы мен қызы өмір бойы Өскеменде жатақханада тұрыпты. Айнұрдың жалғыз өзін бөлмеге талай рет қамап кеткен кездері де, тәулік бойы жұмыс істейтін балабақшаға қалдырып кеткен кездері де болыпты. 90-шы жылдары балмұздақ, жеміс-жидек, газет, самопалға дейін сатып, күн көрген.

«Ауыр кезеңдер ғой. Өткен іс өтті. Есіме ала бергім келмейді. Суық жатақхана, жоқшылық, ішетін көршілер. Жағдай нашар. Жағдай нашар болған соң адамнан әртүрлі қылық шығады», - дейді Айгүл ханым.

Айнұрдың өзі студент кезінен даяшы болып жұмыс істеген, кейін банкке ауысқан. Алматыға келіп, тек 25-26 жасқа толғанда ғана жағдайлары түзеліп, анасына Өскеменнен бір бөлмелі пәтер алып беріпті. Отыз жасында тұрмысқа шыққаннан кейін жолдасы Айнұрдың анасын Алматыға алдыртқан көрінеді.

«Алматыға көшіп келген соң екі жылдан кейін ғана үйрендім. Күйеу балама рахмет, қашан да мамалап тұрады», - дейді ана.