Жаңалықтар

Аида Балаева Бибігүл Төлегеноваға қатысты жағдайға пікір білдірді

Аида Балаева. Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Отан алдында айрықша еңбегі бар адамдарға ерекше құрмет көрсетілуге тиіс. Өйткені аға буынға құрмет – тәрбие мен ішкі мәдениет мәселесі.

Air Astana әуекомпаниясының қызметкері 3 қыркүйек күні халық әртісі Бибігүл Төлегеноваға дөрекі қызмет көрсеткен болатын. Аталмыш жағдайға қатысты Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева пікір білдірді.

 «Құрметті достар! Қазақстанның және КСРО-ның халық әртісі, аты аңызға айналған әнші Бибігүл Төлегенованы Air Astana әуе компаниясының бортына отырғызу кезінде болған өте ыңғайсыз жағдай мені де қатты алаңдатты.

Әуе компаниясы бұл мәселе қатысты түсініктеме беріп, әуе қауіпсіздігінің халықаралық ережелері еске салды. Әрине, ұшақтың және жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған ережелер қатаң сақталуға тиіс. Дегенмен, әуе компаниясымен пікір қайшылығына бармай-ақ, орын алған жағдайға байланысты өз ойымды білдіргім келеді.

Нақтырақ айтқанда, әуе компаниясы мен оның қызметкерлері ішкі нұсқаулықтардан бөлек, қарапайым этиканы, адами қарым-қатынасты сақтап, өз клиенттеріне құрметпен қарауы керек деп есептеймін. Әсіресе, жасы үлкен жолаушыларға, Отан алдында айрықша еңбегі бар адамдарға ерекше құрмет көрсетілуге тиіс. Өйткені аға буынға құрмет – тәрбие мен ішкі мәдениет мәселесі. Ал қазақ өнерінің бұлбұлы, өнер майталманы Бибігүл Ахметқызына зор денсаулық, ұзақ өмір мен сарқылмас күш-жігер тілеймін!», - деп жазды ол.

Еске сала кетейік, Air Astana қызметкері Қазақстанның халық әртісі, аты аңызға айналған әнші Бибігүл Төлегеноваға дөрекі қарым-қатынас жасап, бортқа кіргізбей тұрып алған. Кейін компанияның әкімішлігі оқиғаның болғанын растап, пікір білдірді.