Жаңалықтар

Air Astana қызметкері Бибігүл Төлегеноваға дөрекілік танытып, бортқа кіргізбей қойған

Бибігүл Төлегенова. Фото: facebook/Лека Савельева

Әуе компанияның әкімшілігі аталмыш оқиғаға қатысты пікір білдірді.

Air Astana қызметкері Қазақстанның халық әртісі, аты аңызға айналған әнші Бибігүл Төлегеноваға дөрекі қарым-қатынас жасап, бортқа кіргізбей тұрып алған. Бұл туралы Лека Савельева есімді Facebook желісінің қолданушысы мәлім етті, деп хабарлады turkystan.kz.

«3 қыркүйек күні сағат 10.30-да Астанадан Алматыға ұшқан Эйр Астана 852 рейсінде біздің қоғам қайда бара жатқаны туралы ойлануға мәжбүр ететін өрескел жағдай болды. Халық әртісі Бибігүл Төлегеноваға Air Astana авиакомпаниясының қызметкері тарапынан дөрекілік пен құрметсіздікке тап болды», - деп жазды ол. 

Авиакомпания қызметкерлеріне Бибігүл Ахметқызының омыртқасында күрделі проблема бар екендігі туралы хабарланды. Мүгедектер арбасындағы әртіс қызымен бірге жүрген. Air Astana қызметкері кенеттен оларды тоқтатып, арбадағы жолаушылар бірінші болып отыруы немесе соңғы жолаушының өтуін күтуі керек екенін айтқан.

«Бибігүл Ахметқызы мүгедектер арбасында тек ұшаққа кіргенге дейін жетуі керек еді,  кейін ол басқа жолаушыларға кедергі жасамай, екінші қатардағы орнына өз бетінше жеткісі келді. Ол кезде көп жолаушылардың жиналуы байқалмады және ұшаққа кіргенге дейін арбамен жүру кедергісіз және жылдам болған еді», - делінген хатта.

Оның айтуынша, әуе компаниясының қызметкері аты аңызға айналған қазақ әншісіне ешқайдай жеңілдік болмайтынын өте дөрекі түрде ескерткен.

Желі қолданушысы қызметкердің үлкен кісіге, қазақтың атын әлемге танытқан азаматқа деген қарапайым құрметтің жоқтығына наразы болды. Әлеуметтік желідегі осы жазбаның астына пікір жазған әуе компаниясының ресми парақшасы аталмыш оқиға болғанын растады.

«Бибігүл Ахметқызы Төлегеноваға деген құрметіміз ерекше! Air Astana әуе компаниясы үшін қауіпсіздік басты орында. Әуе қауіпсіздігінің халықаралық ережелеріне сай, арбада отырған жолаушылар ұшаққа ең бірінші болып немесе ең соңында мінеді. Яғни, осы ереже жолаушылардың бәрі үшін ыңғайлы, сондай-ақ, терминалдан эвакуациялау ережелеріне сай. Біздің қолымыздағы ақпаратқа сүйенсек, Қазақстанның халық әртісі Бибігүл Төлегенова мен оның қызы жолаушылар ұшаққа міне бастағанда келгнен. Сондықтан, әуе компаниясының агенті жолаушылар мініп алғанша күте тұрыңыздар деген. Әуе компаниясы осы оқиғаның орын алғанына қатты өкінеді және қызмет сапасын жақсарту үшін қосымша тексеріс жүргізеді», - деп жазған компания.