Түркия БРИКС-ке кіруге өтініш берді – Bloomberg
Биыл бұл ұйымға Ресей төрағалық етуде.
Bloomberg агенттігі мәлімдегендей, Түркия БРИКС-ке кіруге өтінім берді. Анкара өз ықпалын күшейтіп, Батыс елдерінен тыс жаңа байланыстар орнатуға ұмтылып отыр. Сонымен қатар, Түркия Солтүстік Атлантикалық альянс мүшесі ретіндегі міндеттемелерін орындауға ниетті.
Анкараның БРИКС-ке кіру ниетін түсіндіре отырып, дереккөздер бұл қадамды Түркияның НАТО-ның басқа мүшелерімен келіспеушіліктерінен туындағанын айтады. Себебі ресми Анкара 2022 жылы Ресейдің Украинаға басып кіргеннен кейін Мәскеумен тығыз қарым-қатынаста болды. Сондай-ақ, бақылаушылардың пікірінше, Түркияның Еуропалық Одаққа мүше бола алмағанына көңілі толмай отыр.
БРИКС 2006 жылы Бразилия, Ресей, Үндістан және Қытай тарапынан құрылды. 2011 жылы оған Оңтүстік Африка Республикасы қосылды. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Египет, Иран, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы және Эфиопия топтың толыққанды мүшелері атанды. Биыл бұл ұйымға Ресей төрағалық етуде.