Жаңалықтар

«Екі мектепке жарылғыш зат қойылды»: Атырауда белгісіз біреу полицияға жалған хабар берген

istockphoto.com

Жалған хабарлама беру дерегі бойынша тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр

Атырау қаласында полицияға екі мектепке жарылғыш зат қойылды деген хабарлама түскен. Облыстық ПД баспасөз қызметі хабарламаның жалған болып шыққанын мәлім етті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Атырау облыстық ПД мәліметінше, білім ошақтарынан қауіпті зат табылған жоқ.

 «Атырау қаласындағы 2 мектепте жарылғыш зат бар деп келген хабарлама бойынша дереу анықтап-тексеру және эвакуациялау жұмыстары жүргізілді. Оқиға орнына тиісті құқық қорғау органдарының қызметкерлері жұмылдырылды. Жүргізілген жедел әрекет нәтижесінде ғимараттан ешқандай жарылғыш зат анықталған жоқ. Жалған хабарлама беру дерегі бойынша тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Күдікті адамды анықтау үшін кешенді жедел-іздестіру шаралары қолға алынды. Қазір Атырау қаласындағы барлық мектептің қауіпсіздігі полиция қызметкерлерінің бақылауында екенін қаперге береміз», -делінген ПД хабарламасында.

Айта кетейік, жалған хабар бергені үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабында (Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау) бес мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейінгі мерзімде бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.