Қоғам

Су тасқынынан зардап шеккен Орал тұрғындарына 375 үйдің кілті табысталды

БҚО әкімдігі

Қазіргі таңда 685 үйдің кілті табыс етілсе, қалғандары 3 қыркүйекте Қаратөбе ауданы Қоржын ауылында тапсырылады

Оралда су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға баспана кілтін табыстау жалғасып жатыр. 30 тамызда Деркул және Зачаганск ауылдарында 183 үй берілсе, 31 тамызда «Жұлдыз» шағын ауданындағы тағы 192 отбасы жаңа баспана кілтін алды.

Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккендерге барлығы 775 үй салынды. Қазіргі таңда 685 үйдің кілті табыс етілсе, қалғандары 3 қыркүйекте Қаратөбе ауданы Қоржын ауылында тапсырылады.

Осылайша Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі толығымен шешілмек. Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Орал қаласындағы «Жұлдыз» шағынауданының тұрғындарын қоныс тойымен құттықтады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Үкіметтің қолдауымен су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға тиісті көмек көрсетілді, инженерлік желілер, газ және су құбырлары толығымен аяқталды Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін асфальт төсеуді жоспарлап отырмыз», - деді әкім.