Жаңалықтар

Бүгін – Білім күні

istockphoto.com

Биыл 352 мың бала бірінші сыныпқа барады

1 қыркүйек - елімізде Білім күні. Атаулы дата жексенбіге түскенімен, елдегі барлық мектепте алғашқы қоңырау соғылады.

Биыл еліміздегі мектептерде 3,9 млн оқушы білім алады. Оның ішінде 352 мың бала бірінші сыныпқа барады.

Ел аумағында 7859 мектеп бар. Оның 178-і күрделі жөндеуден өтіп, бүгін ашылды.

Білім күні – мектеп оқушылары, студенттер және олардың ата-аналары үшін, мұғалімдер мен университет оқытушылары және әдіскерлер үшін де ерекше мереке.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қазақстандықтарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.

"Қадірлі ұстаздар, ата-аналар және оқушылар! Бүгін 2024-2025 оқу жылының жаңа парағы ашылды. Еліміздің барлық өңірлерінде Білім күнін асыға күткен 3,9 млн бала сүйікті мектебімен, ұстаздарымен қайта қауышты.

Мемлекет оқушылардың сапалы білім, саналы тәрбие алуы үшін барлық жағдайды жасауда. Бүгін 90 мыңға жуық оқушы су жаңа мектептерде оқу жылын бастайды. Оның ішінде "Жайлы мектеп" ұлттық жобасымен салынғандары да бар. Ал 200 мыңнан астам бала күрделі жөндеуден өтіп, қайта жабдықталған мектептерде білім алады. 

1 қыркүйек – алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған балалар үшін ерекше мереке. Бірінші сыныпқа 352 мың бала қабылданды. Ал 11 сыныпқа өткен 219 мың оқушы мектептегі оқуын аяқтайды. Қымбатты балалар, оқу жылы сіздерді жаңа жетістіктерге жетелеп шабыттандыратын қызықты, танымды әрі тағылымды болсын деп тілеймін!

Дәл осы күні ұстаздардың өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие берудегі орасан еңбегін де атап өткім келеді. Ұлттың ағартушы ұлы тұлғасы Ахмет Байтұрсынұлы "Ұстаз - ұлт келбеті" деп бекер айтпаса керек. Сондықтан ағартушылық миссиясын адал атқарып жүрген ұстаздардың еңбегі лайықты түрде жоғары бағалануға тиіс.

Құрметті әріптестер, өз мамандықтарыңызға адалдықтарыңыз, ұрпақ ісіндегі жанкешті еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Сіздер балаларға білім беріп қана қоймай, оларға халқымыздың басты құндылықтарын сіңіріп келесіздер. Биылғы оқу жылы жоғары жетістіктер мен толағай табыстарға толы болсын! 

Білім күні құтты болсын!" - делінген министрдің құттықтауында.