T-Newspaper

«Таза бейсенбі» акциясы жалғасып жатыр

сурет: amanatpartiasy.kz

6 маусымнан бері «AMANAT» партия­сының мыңдаған белсендісі мен мүшесі «Таза бейсенбі» акциясы аясында әр бей­сенбі сайын аумақтарды қоқыстан тазартып келеді.

«AMANAT» партиясы еліміздің барлық өңірінде «Таза бейсенбі» акциясын жалғастыруда. Іс-шара Президенттің «Таза Қазақстан» атты жалпыұлттық бастамасы аясында өткізіліп, елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған.

6 маусымнан бері «AMANAT» партия­сының мыңдаған белсендісі мен мүшесі «Таза бейсенбі» акциясы аясында әр бей­сенбі сайын аумақтарды қоқыстан тазартып келеді. Бүгінге дейін ел бойынша 6,5 мың тонна қоқыс жиналып, акцияға 48 мың адам қатысты. Белсенділер 1 004 учаске мен 100-ден астам өзен, көл, су айдыны мен қоймасын қоқыстан тазартты. Кезекті бейсенбіде аманаттықтар әдет­тегідей игі істі жалғастырып, өз жауапкер­шіліктеріне алған учаскелерде тазалық жұмыстарын жүргізді. Мәселен, Алматы облысы Талғар қала­сында Екінші дүниежүзілік соғысы арда­герлерінің ескерткіші жанындағы Рысқұлов көшесін­дегі аумақта тазалау жұмыстары жүргізіліп, акцияға 71 адам қатысты. Шығыс Қазақстан облысындағы іс-шараға қатысушылар Глубокое ауданының Белоусовка ауылында орналасқан Белоусов су қоймасының ұзындығы 1 шақырым болатын жағалау жолағын қоқыстан арылтты. Тазалау жұмыстарына 80-ге жуық адам қатысты. «Біз азаматтарымызды қоршаған ор­таны қорғауға белсенді қатысуға шақыра­мыз және әрбір адамның үлесі біздің еліміздің болашағын анықтайды деп сене­міз. Табиғатты қорғау — ортақ міндетіміз, сондықтан да бұл акцияға қатысу — әрқайсымыздың борышымыз», – деді  «AMANAT» партиясы Шығыс Қазақстан облыс­тық филиалының атқарушы хатшы­сының орынбасары Аманбай Нұркенов.  Ал Елордада акция «Астана Жұлдызы» монументінің жанындағы аумақты тазалауға бағытталды. Белсенділер екі шақырым аумақты тазалады. Іс-шараға 30 шақты адам қатысып, монументтің айналасын ретке келтірді.  Сонымен қатар акция аясында Алматы қаласының Бостандық ауданында қоғамдық орындардың жанындағы бірнеше аумақ тазаланды. Игі іске партияның қалалық филиалы бақылау комиссиясының мүше­лері және басқа да белсенділерді қоса алған­да, 30 адам қатысты. «Таза бейсенбі» акциясына қатысу – әрбір азаматтың табиғатты қорғауға қос­қан үлесі. Біз бәріміз бірге туған жерімізді таза әрі көрікті етуге атсалысып жатырмыз. Әрбір жиналған қоқыс, тазаланған аумақ –  болашақ ұрпаққа қалдырар аманатымыз. Біз осындай іс-шаралар арқылы қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастырамыз деп сенемін», –  деді акцияға қатысушы. Сондай-ақ Шымкент қаласының бел­сенділері Шымсити ықшам ауданының 3 шақырым аумағын қоқыстан тазартып, абат­тандыру жұмыстарын жүргізді. Акцияға 60 адам қатысты, оның ішінде «AMANAT» партиясы Абай аудандық фи­ли­алының төрағасы Нұрғазы Бухарбай және қалалық мәслихат депутаты Талғат Исқақов болды. Сонымен қатар Түркістан облысы­ның Мақтаарал ауданында Айтмұхаметов Қосман Қайыртайұлының бюст-ескерткіші мен аудан аумағында тазалық жұмыстары жүргізілді. Іс-шараға 140-қа жуық адам қатысты.   Партия мүшелері мұндай тазарту жұмыстарын әр бейсенбі сайын жүргізеді. Бұл ретте тек қоқыс жинау ғана емес, әр учас­кеге мәслихат депутаттары, белсенділер және бастауыш партия ұйымдарының басшылары бекітілген. Олар сол аумақтарда тәртіп пен тазалықты сақтауды қамтамасыз етеді, сондай-ақ қоқыс жәшіктерін орнату, аумақтарды көгалдандыру, жолдарды жөндеу және т.б. сияқты инфрақұрылымды жақсарту және дамыту мәселелерін шешеді.

Шархан ҚАЗЫҒҰЛ