Жаңа қазақ
Қалжан Нұрмаханов. Кезінде атақ-даңқы жер жарған осындай бір мықты ағамыз болған. Бүкіл ұлттың мақтанышы. Өрімдей жас кезінде М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін түркі филологиясы мамандығы бойынша бітірген бірден-бір қазақ.
Қалжан Нұрмаханов. Кезінде атақ-даңқы жер жарған осындай бір мықты ағамыз болған. Бүкіл ұлттың мақтанышы. Өрімдей жас кезінде М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін түркі филологиясы мамандығы бойынша бітірген бірден-бір қазақ. Қалжан ағамыз мұнымен де шектелмеген, әйгілі оқу орнын аяқтай сала тағы бір атақты білім ордасына – М.Горький атындағы Әдебиет институтының аспирантурасына түскен. Тақырыбы – Мұхтар Әуезовтің романдары. Ғылыми жетекшісі – баршаға аты мәшһүр профессор Медина Искандеровна Богданова.
Қалжан – Қазалының қазағы. Ауылда өскен қарапайым қара бала. Тіреп тұрған ешкімі жоқ. Парасатты перзент. Жалпақ жұртқа танымал Жалаңтөс баһадүрдің әулеттесі. Әр сөзін кестелеп түсіретін Әйтеке бидің жұрағаты. Тегіне тартқан талант. Екі тілге жастайынан жүйрік болды. Қазалыдағы мектепті бітіріп, КазГУ-ге түскен аса зерек студентті дана Әуезов бірден байқайды. Ұлы Мұхаң оған Мәскеуде оқуға кеңес берген деседі. Содан елгезек жігіт келесі жылы Алматыдағы оқуын тастап, әйдік шаһарға тартып отырған. Маңғаз Мәскеу Қалжан көкемді жатырқаған жоқ. Ол студент бола жүріп, «Дружба народов» және «Знамя» журналдарында әдеби редактор болып қызмет істеді. Мұхтар Әуезовтің «Абай» романының 4-томы туралы рецензиясы осы басылымдардың бірінде жарық көрді. Ол бұл кезде небәрі 22 жаста еді. Қалжанның аудармаларын Леонид Соболевтің өзі жатып кеп мақтаған деседі естелік айтушылар. Ал осындай жетістіктерінің Мәскеуде жақсы жағынан аталуы тас жарған талантты қалай құлшындырғанын бағамдай беріңіз... Түрлі себептерге байланысты диссертациясы қорғалмады. Есесіне бұрынғы одақ жұртшылығына кеңінен таныла бастады. Сол жылдарда жарқырай көрінген Шыңғыс Айтматовпен жан аяспас дос болды. Шықаңның «Жәмиласынан» бастап біраз дүниесін қазақшаға аударды. Бірқатар пьесасын әкемтеатрда сахналады. Туыстарының айтуынша, ауыр науқасқа шалдыққан Қалжан отыз бес жасында өмірден өткенде Шыңғыс досы Алматыға арнайы келіп, өз қолымен жерлепті. Күні бойы өзі шапқылап жүріп, Кеңсайдың еңселі бір биігінен жер таңдапты... Қалжанның екі-үш кітабы жарық көрді. Бірқатар қолжазбалары жоғалып кетті. Кейін жалғыз қызы – Маржан Нұрмаханова әдепкіде академик Зейнолла Қабдоловтың жетекшілігімен ғылыми еңбегін бастап, ардақты аға өмірден озған соң Асылан Жақсылықовтың жетекшілігімен «Қалжан Нұрмахановтың әдеби мұрасы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Жұмыстың сәтті қорғалуына әдебиеттанудың тағы бір алыбы Тұрсынбек Кәкішев ерекше тілеулес болды. Маржан қыз әлі күнге дейін әкесінің мұрағатын жанұшырып іздеп, жиған-тергенін жарыққа шығарудан жалыққан емес. «Орнында бар оңалар» деген осы...
* * * М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің 3-курс студенті Қалжан Нұрмаханов 22 жасында түскен суретін қарап отырмыз. Көзі ойлы, шаш үлгісі сәнді, жазық маңдайлы, қыр мұрынды келісті жігіт. Осы суретінің сырт жағына мынадай қолтаңба жазып қалдырыпты: «III курс позади. Близка ты мне моя родная и любимая Москва. Иду по твоей шумной улице. Я хочу крикнуть во весь голос, чтобы меня, молодого нового казаха, слушал весь мир. Москва 27/VI 49 г.». Қалжан көкем біз тоқсаныншы жылдарда жаппай қолданысқа енгізген «жаңа қазақ» ұғымын баяғыда-ақ тасқа таңбалап, миға шегелеп тастапты. Азаттық үшін алысқан Алаш арыстары шетінен баудай түскеннен кейін өркеуде Мәскеудің төріне шыққан жас қазақ, жаңа қазақ еді ол шынында да... Бұл оның студент болса да, одақ оқырмандарына ептеп таныла бастаған, «Дружба народов», «Знамя» журналдарына мақалалары ара-тұра жарық көріп тұрған кезі. Бәлкім, «Жол – ұзақ, мақсат – биік, өмір – қысқа» деген қатаң қағиданы ұстанып, еңбегінің жемісін ертерек көруге асыққан шығар... Барлығы бірдей сақталмағанымен, зерттеуге тұрарлық мұрасы жеткілікті. Әсіресе, күнделігіне түсірген жазбалары қайран қалдырады. «Сөздікті оқу керек, – дейді ол, – Оны кәдімгі кітап сияқты оқу керек. Бірақ бізде ондай сөздік жоқ». Ал біздің көбіне сөздікті оқымайтынымыз, тек қана қажетті сөзімізді қарап болған соң жаба салатынымыз ақиқат қой. Тағы бір тұсында былай дейді: «Сарыарқаны», «Сарыжайлауды» тыңдағанда» деген сурет салар ем. Бұлар керемет боп шығар еді. Әттең, талант жоқ». Қанатты сөздері елең еткізеді. Оқшау ойлар. Өзгеше пайымдар. Қажет пе? Мінекей. «Аспанға қарағанда тек жұлдыз көрсең, жазушы емессің», «Өлеңді прозамен жазба!», «Жауапкершілік жүктесең, бала да бастық болады», «Мақтау – артистің сұлысы», «Еліңді ойласаң – есейгенің»... Жететін шығар. Мұрасы мүлде зерттелмеді деп те айтуға болмас. Өз дәуірінде Айқын Нұрқатов бірнеше мақала жазды. Құлбек Ергөбек Қалжан Нұрмаханов пен Шыңғыс Айтматовтың достығы және шығармашылық байланысы туралы әсерлі эсселер циклін жариялады. Маржан Қалжанқызы диссертациялық еңбек қорғады. Әлі де зерттеле бермек... Сонымен, Мәскеудің көшесінде бар дауысымен жар салған жаңа қазақтың үнін көрші жұрт естуін естіді, әрине. Бірінен-бірі өткен сұрапыл мақалаларын беделді басылымдарына үзбей басты да тұрды. Ми қабыршағына дейін мәдениет қонақтаған, әбден оқу өтіп кеткен мәскеуліктер оны бауырына тарта бастаған-ды. Соңыра Алматыға аттанғанда, сол Мәскеуің «көз жасына сенбей», қол бұлғап қала берді. Кейде ойлаймыз ғой, оқуын бітірген соң сол шежірелі шаһарда тұрақтап, тіршілігін жалғай бергенде тағдыры өзгеше өрістейтін бе еді?.. Кім біледі... Адамзаттың Айтматовы атанған шоң Шыңғыстың бота тірсек бозбала кезінде қанаттасып бірге жүрген Қалжан да ұзағырақ ғұмыр кешкенде дүниені дүр сілкіндірері анық-ты. Жә, өткенге өкінгеннен пайда жоқ. Бәріне шүкіршілік. Тек Қалжанның Мәскеуді жаңғыртқан өр дауысына өзгелер елең еткен сол бір кезеңде өзіміздің онша естіңкіремей қалғанымыз болмаса...
Бауыржан ОМАРҰЛЫ