Жаңалықтар

Конституция жайлы сіз білмейтін фактілер

Ғаламтор

Қазақстан Республикасының Конституциясы — елдің ата заңы, мемлекеттік құрылыстың құқықтық негізін қалыптастырушы құжат.

Ол адам мен азаматтың конституциялық мәртебесін белгіледі, экономикалық құрылыстың негіздерін айқындады. Ата заңымыз жайлы қызық деректерді назарларыңызға ұсынамыз.

№1 факт. Қазіргі Конституциямыз 1995 жылғы 30 тамызда жалпыхалықтық референдум негізінде қабылданып, 5 қыркүйекте өз күшіне енді. Бұл Конституция – президенттік басқару жүйесіндегі мемлекетке сай келеді.

№2 факт. Референдумда дауыс беру еліміздің қалалары мен ауылдарындағы 10 253 сайлау учаскесінде жүрді.

№3 факт. Конституция 9 тараудан, 99 баптан тұрады.

№4 факт. Конституция қабылданғанда бұған дейінгі Парламент туралы конституциялық бөлім өзгеріске ұшырады. 1995 жылы желтоқсанда екі палаталы (жоғарғы палата — Сенат, төменгі палата — Мәжіліс) Парламентке сайлау өткізілді.

№5 факт. Конституция жобасын талқылауға 3 миллионнан астам адам қатысты. Талқылау кезінде 30 мың ұсыныс пен ескерту берілді. 55 бапқа 1100 астам түзету мен толықтыру енгізілген.

№6 факт. Конституция мәтінінің 18 нұсқасы дайындалған. Конституция мәтінін әзірлеуге Юрий Басин, Салық Зиманов, Ғайрат Сапарғалиев,  Майдан Сүлейменов сынды көрнекті құқықтанушылар, академиктер қатысты.

№7 факт. Конституция жобасын әзірлеген кезде 20 мемлекеттің заңы зерделенді. Ең көп ықпал еткені Франция Конституциясы. Сондықтан біздің Конституциямыз бен Францияның Конституциясы ұқсайды.

№8 факт. Қазақстан Конституциясы – әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі.

№9 факт. Ел Президенті инаугурация кезінде қолын Конституцияға қойып, ант береді. Басқа мемлекеттерде бұл процесс әртүрлі жүреді. Кейбірі өздерінің ұлттық-мемлекеттік салт-дәстүріне сүйенсе, енді бірі Інжілге қолын қойып, ант береді.

№10 факт. Конституцияға алты рет түзету енгізілді: 1998, 2007, 2011, 2017, 2019 және 2022 жылы.

№11 факт. 2022 жылғы түзетуде президенттің өкілеттіктері шектеліп, парламенті ықпалды, Үкіметі есеп беретін, президенттік республика формасына көштік.

№12 факт. Ең көп түзету 2007 жылы енгізілді. 41 түзету.

№13 факт. Қазақстанда конституциялық бақылауды қамтамасыз ететін Конституциялық Кеңес жұмыс істейді. Мұндай Кеңес бізде және Францияда бар.

№14 факт. Конституцияның 10 жылдығы мен 15 жылдығына арнап пошта маркалары шығарылды. 2005 жылы 10 жылдықта номиналы 72 теңгелік марка шықты. Авторы И.Макиенко. 2010 жылы 15 жылдықта номиналы 32 теңгелік марка шықты. Авторы Данияр Мұхамеджанов.

№15 факт. Конституцияда ең жиі кездесетін сөздер: республика, заң, президент, парламент, Қазақстан, бап, депутат, Конституция, құқық, палата, және, мен, немесе.

№16 факт. 2007 жылы Президент жеті жыл емес, бес жыл мерзімге сайланатын болды. Бiр адам қатарынан екi реттен артық президент болып сайланбайтыны, бірақ бұл шектеу ҚР Тұңғыш Президентіне қолданылмайтыны жазылды.

№17 факт. 2011 жылғы өзгерту Президентке мерзімінен бұрын сайлау жариялауға мүмкіндік берді.

№18 факт. 2022 жылы Конституцияға өзгерту енгізіліп, Президент қайтадан 7 жылға сайланатын болды. Бір рет сайланған адам екінші мерзімге сайлана алмайды.