Су тасқыны: Теректі ауданында тағы 23 отбасы баспана кілтін алды
Аңқаты ауылындағы үйлер «Жайықмұнай» ЖШС демеушілігімен салынды.
Аңқаты ауылындағы үйлер «Жайықмұнай» ЖШС демеушілігімен салынды.
Мерекелік шараға Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қатысты. Өңір басшысы ауыл тұрғындарын қоныс тойымен құттықтап, үйлердің кілттерін табыс етті.
"Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, су тасқынынан зардап шеккен халыққа заң аясында тиісті көмек көрсетілуде. Көктемгі су тасқыны нәтижесінде Теректі ауданы бойынша барлығы 160 үй апатты деп танылып, 30 үй сатып алынып, 130 үйдің құрылысы жүргізілді. Құрылыс жұмыстарына қолдау көрсеткен демеушілер мен компанияларға шын жүректен алғысымды білдіремін", - деді Нариман Төреғалиев.
Аңқаты ауылының тұрғындары көрсетілген қолдауға ризашылықтарын білдірді.
«Көктемгі су тасқыны отбасымызға үлкен шығын әкелді, бірақ мемлекет бізді апатпен жалғыз қалдырған жоқ. Міне, біз бүгін жаңа, кең, жарық үйімізге кіріп отырмыз. Мәселелерімізге қолдау көрсетіп, қамқорлық танытқан Мемлекет басшысына мың алғыс», - деп бөлісті жергілікті тұрғын Серікқали Төрәлиев.
Айта кету керек, бүгінге дейін облыста мыңнан астам тұрғын үй сатып алынып, зардап шеккен отбасыларға берілген.
Бүгінге дейін су тасқынынан зардап шеккен БҚО тұрғындары Бөрлі, Сырым, Теректі, Бәйтерек аудандарындағы 253 үйдің кілтін алды.
Жалпы Батыс Қазақстан облысында зардап шеккендер үшін 775 тұрғын үй салынды.