«Жәрдемақыны жымқырған»: Семейлік директор психикалық дертке шалдыққандарды жұмысқа жеккен
Одан бөлек, мекеме әкімшілігі мен қызметкерлері қамқорлыққа алынған адамдарды техникалық қызметшілердің орнына пайдаланып, үй-жайды тазалауға мәжбүрлеген.
Облыстық прокуратураның ресми сайтында жарияланған ақпарат бойынша, Семей қаласының №1 арнайы қызмет көрсету орталығы директоры қамқорлығындағы психикалық дертке шалдыққан төрт адамды шаруа қожалығында заңсыз құрылыс жұмыстарына салған. Облыстық прокуратураның сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасы қылмыстық істі Қылмыстық кодекстің 128-бабы 2-бөлігінің 6,9,11-тармақтары (адам саудасы) бойынша тергеп, іс сотқа жолдаған.
«Бұдан бөлек мекеме әкімшілігі мен қызметкерлері қамқорлыққа алынған адамдарды техникалық қызметшілердің орнына пайдаланып, үй-жайды тазалауға мәжбүрлеп, тамақ пісіртіп, әрекетке қабілетсіз адамдарды заңсыз әрекеттерге тартып, есепшоттарынан жәрдемақыларын жымқырған. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», - деп мәлімдеді Абай облысы прокуратурасы өкілдері.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 128-бабының 2-бөлігінің 6, 9, 11-тармақтарына сәйкес, кінәлі адамның мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.