Жаңарған Ата Заң – жаңа қоғам өлшемі
Конституцияға енген өзгерістер елдегі бетбұрыстардың бастауы ретінде сипатталған болатын.
Жолдауда саяси реформалар жөніндегі бағдарламасын таныстырған Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі реформаның алғашқы негізі Президент билігінің суперпрезиденттік басқару формасынан Парламенті мықты Президенттік республика тәсіліне түбегейлі өту, «Мықты Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын жүзеге асыру екенін айтқан еді.
– Осы реформаларды қолға алғанда Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын Парламент қарайды деп ойлаған едік. Өйткені қолданыстағы заңнамада тәртіп солай. Алайда алдағы ауқымды әрі маңызды өзгерістер ел болашағына айрықша әсер етеді. Сондықтан мен Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынамын, – деп түсіндірген болатын Мемлекет басшысы.
Осылайша, осыдан екі жыл бұрын елдегі басталмақ ауқымды өзгерістердің алғышартын құқықтық тұрғыда негіздеу үшін Ата Заңға өзгерту енгізілді. Бұл – елдегі бетбұрыстардың бастамасы болды.
«Жаңа дәуірге жол ашылды»Орталық референдум комиссиясы ұсынған мәліметтерге сүйенсек, 11 миллион 734 мың 642 азаматтың Референдумға қатысу құқығы болған. 2022 жылғы 5 маусым күні дауыс беруге 7 миллион 985 мың 769 адам немесе референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың 68,05 пайызы қатысты. Осылайша, «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 31, 34-баптары негізінде елдің Ата Заңына өзгеріс енгізуге байланысты референдумге шығарылған ұсыныс қабылданды.
6 маусым күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Референдумға белсене қатысып, қолдау білдірген халыққа ризашылық білдіріп, үндеу жолдады. Сондай-ақ конституциялық өзгерістердің мән-маңызын түсіндіруге атсалысқан азаматтарға, түрлі қоғамдық ұйымдарға алғыс айтты.
– Референдум қорытындысы біздің мемлекеттігіміздің тарихында мүлде жаңа дәуірбасталғанын көрсетеді. Халқымыз өз таңдауын білдіру арқылы түбегейлі бетбұрыс жасауға ұмтылысын көрсетті. Жасампаз ел болуға деген ықыласын байқатты. Елімізді дамыту үшін әлі де көп жұмыс атқаруымыз керек. Бүкіл ел болып жұмылсақ, көздеген мақсатымызға міндетті түрде жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін. Бүгін тәуелсіз Қазақстанның даму тарихында жаңа дәуірге жол ашылды. Осы жолда бірлігіміз әрдайым бекем болсын! Жаңа Қазақстанды бәріміз бірге өркендетейік, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент сең енді қозғалғанын, өзгеріс енді басталатынын айтқан болатын.
– Ата Заңға өзгерістер енгізу реформаларымыздың соңғы сатысын емес, енді басталғанын білдіреді. Біз елімізді жан-жақты жаңғыртуды жалғастырамыз. Жаңартылған Конституция негізінде биліктің барлық институты қызметінің мейлінше тиімді моделін қалыптастырамыз. Олардың арасындағы үйлесім мен тепе-теңдік механизмін нығайтамыз, – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өкілді тармақтың өкілеттілігі артты2022 жылғы 5 мамырда Конституцияға өзгеріс енгізу туралы республикалық референдум өткізу туралы Жарлықпен қатар «Республикалық референдум туралы» конституциялық заңының өзіне де өзеріс енгізу туралы шешім шықты.Жауаптылар бұл қадамды референдум туралы заңның ұзақ уақыт бойы қолданылмағанымен, ал ондағы кейбір мәселелердің бүгінгі күннің талабына сәйкес еместігімен байланыстыра түсіндірді.
– Конституция реформасы мемлекеттің барлықмоделін кешенді түрде трансформациялауға бағытталған. Өзгерістер суперпрезиденттік басқару формасынан ықпалды Парламент пен жауапты Үкіметі бар президенттік республикаға өтуді көздейді, – деген еді Президент.
Ал Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин түзетулердің бірінші блогы суперпрезиденттік модельден президенттік республикаға түпкілікті көшуді қамтамасыз етеді деп түсіндірді.
– Біріншіден, Президент өз өкілеттігі кезеңінде ешқандай саяси партия құрамында болмайды. Бұлтыйым Конституциялық соттың, Жоғарғы Соттың, өзге де соттардың төрағалары мен судьяларына, Орталық сайлау комиссиясының, сондай-ақ ҚР жоғары аудиторлық палатасының төрағасы мен мүшелеріне қолданылады. Түзетудің артықшылығы – саяси бәсекелестікті арттыру және барлық саяси партиялардың дамуы үшін тең жағдай жасау. Екіншіден, Президенттің жақын туыстарының мемлекеттік қызметшілер және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары лауазымдарын атқаруға құқығы болмайды. Үшіншіден, Президенттің аудандар, қалалар мен ауылдық округтер әкімдерін қызметінен босатуға құқығы болмайды, – деген еді Ерлан Қарин.
Осылайша, Президенттің өкілеттігін шектеу, сонымен қатар биліктің өкілді тармақтары – Сенат пен Мәжілістің құзыретін кеңейтуге қадам жасадық. Нақтырақ айтқанда, заңды Мәжіліс қабылдап, Сенат мақұлдайтын тәртіп енгізілді.Жаңа Конституция бойынша Президент бір мерзімге 7 жылға сайланатын болды. Мажоритарлы сайлау жүйесі қайтадан енгізіліп, Мәжіліс депутаттарының 30 пайызы, облыстық мәслихаттардың 50 пайызы, аудандық мәслихаттар 100 пайыз тікелей халықтың дауыс беруімен сайланатын болды. Мәжілістің қазіргі шақырылымы осы жүйе бойынша жасақталды. Ассамблеядан бұрын Президенттің квотасымен 9 адам сайланатын, Президенттің ықпалы күшті болатын, Сенаттағы 15 адамды да Президент сайлайтын. Енді Президент тағайындайтын адам саны 10-ға азайды, оның 5-еуі Ассамблея мүшелері болады. Мәжілісті тек халық сайлайды, Мәжіліске Президенттің еш қатысы болмайды
Конституциялық сот қайта құрылдыҚұқықтық реформа аясында Конституциялық сот қайта құрылды. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастама әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам екенін айтқан еді.
– Жаңа, Әділетті Қазақстанда полицейлердің озбырлығына, біліксіз прокурорлар мен біржақты судьяларға жол берілмейді. Қоғам құқық қорғау және сот жүйесінің шын мәнінде өзгергенін қалайды, – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осылайша, біліксіз прокурорлар мен біржақты судьяларға, полицейлердің озбырлығына жол берілмейтіні айтылды. Адам құқығы мен бостандығын қорғау жүйесін кешенді түрде күшейтуге негізделген бағдар жалғаса беретіні де сөз болды.
Ұрланған қаражатты қайтаруға қадам жасалдыСонымен қатар Референдум өткен 5 маусым күні шетелге заңсыз шығарылған қаржыны елге қайтарумен айналысатын ведомствоаралық комиссия құрылды. Комиссияға Бас прокурор жетекшілік ететіні де белгілі болды.
– Бұл комиссия Қазақстаннан шетелге заңсыз шығарылған қаржыны елге қайтару бойынша кешенді жұмыс жүргізеді, – деп хабарлады Ақорда. Естеріңізге сала кетейік, Қаңтар оқиғасынан кейін елден шетке заңсыз шыққан қыруар қаржыны қайтару және оған байланысты комиссия құру мәселелері талқыланған болатын.
Жауаптылар осыдан кейін басталған жұмыстар нәтиже беріп жатқаны туралы тұрақты түрде есеп беріп келеді. Мәселен, өткен айдың аяғында Бас прокурор Берік Асылов «Қазақстанская правда» газетіне берген сұхбатында прокурорлар мемлекетке заңсыз шығарылған 325 млрд теңге көлеміндегі активтерді, 400 млн теңге тұратын зергерлік және мәдени құндылықтарды қайтарғанын, сондай-ақ заңсыз алынған 513 мың га астам жер учаскелерінің тәркіленгенін хабарлады.
Осылайша, Конституцияға енген өзгерістер елдегі бетбұрыстардың бастауы ретінде сипатталған болатын. Сол кезде айтылған бастаманың біразы құқықтық тұрғыдан негізделіп, жүзеге асты. Алғашқы қадамдар ойға алған түбегейлі өзгерістердің алғышарты болды.