«Олимпиада алдында мені қатты қорқытты»: Нариман Құрбанов толғанысын жеткізді
Париж олимпиадасының күміс жүлдегері, гимнаст Нариман Құрбанов басынан өткерген жағдайларды баяндап, ой-толғамымен бөлісті.
Нариман жолы болмай, 2020 жылғы Токио Олимпиадасына бара алмай қалған еді. Олимпиаданың медалін алған соң, осы жетістікке жеткеніме сене алар емеспін дейді өзі.
«Париж Олимпиадасының финалында жаттығуды бірінші орындағанымның ең үлкен бір басымдығы болды. Бұл – қарсыластарымның қандай ұпай алғанын көрмегенім. Өзгелердің әлдеқайда жақсы ұпай алғанын көру мен үшін қиын соғар еді. Ортаға шықтым, жаттығуды орындадым, болды. Әрі қарай медаль алатын сәтімді күттім. Спорттық гимнастикадан тәуелсіз Қазақстан тарихында Олимпиада медалін алғаш рет алып отырмыз. Менің бұл жетістігім аталған спорт түрінің кеңінен таралып, оң бағытта дамуына үлкен үлес қосады деп ойлаймын. Олимпиада алдында мені қатты қорқытты. Айналамдағы жанның бәрі Олимпиада рухының жоғары екенін, мұндағы қысым мен жауапкершіліктің салмағы ауыр екенін айтумен болды. Осыны естіп алған соң, мен де қобалжи бастадым»-дейді спортшы.
Гимнаст жаттығу кезінде психологиялық мықтылық маңызды рөл атқаратынын айтады.
«Жаттығудың ең соңғы бөлігі – аттан секіріп түсетін сәт мен үшін қашан да қиын соғатын. Мен үнемі, жүйелі түрде осы жерден қателестім. Тіпті, Олимпиадаға іріктеу турнирлерінде де дұрыс орындамадым. Доха мен Бакуде өткен әлем кубогі кезеңдерінде де қате жібердім. Әсіресе, психологиялық жағынан бірдеңе дұрыс болмайтын. Мысалы, жаттығуды тым жақсы орындап келе жатамын да, ішімнен бір үрей пайда болып, қорқа бастаймын. Қолым ырқыма көнбей қояды немесе мен бар қиындықты көрсетпей, жаттығуды аяқтай саламын. Олимпиаданың финалы болатын күні де таңғы жаттығу кезінде мен осы аттан секіріп түсетін сәтті орындай алмай-ақ қойдым. Ал финалда бар күшімді жинадым, басқа ойдан ада болдым. Бәрін бастан аяқ орындадым»-дейді Нариман.