Жағдай жасадық, бірақ нәтиже нашар болды – Ермек Маржықпаев Олимпиада туралы
Біз үшін дәстүрлі саналатын спорт түрлері бар. Солардан дайындық төмен, нәтиже нашар болып шықты.
«Біздің спортшылар Олимпиадаға 25 спорт түрінен қатысты. Соның бесеуінен медаль алды (алтын – дзюдо, күміс – бокс, спорттық гимнастика, грек-рим күресі, қола – дзюдо, бокс, нысана көздеу). Жалпы 87 мемлекет Парижде жүлдеге ие болды. Қазақстан командалық есепте 43-ші орында (1 алтын, 3 күміс және 3 қола медаль).
Елдос Сметов дзюдо бойынша Қазақстаннан шыққан алғашқы Олимпиада чемпионы атанды. Нариман Құрбанов тарихи медаль жеңіп алды. Ол – ел тарихында спорттық гимнастикадан жүлде алған тұңғыш спортшы. Нысана көздеуден Ислам Сәтпаев пен Александра Ле қола жүлдегер атанды. Аталған спорт түрінен 1996 жылғы Атланта (АҚШ) Олимпиадасынан кейін алғаш рет медаль алдық.
Жекелеген спорт түрлері бойынша нәтижені жақсарту керек. Біз үшін дәстүрлі саналатын спорт түрлері бар. Солардан дайындық төмен, нәтиже нашар болып шықты.
Былтыр Ханчжоуда Азия ойындары өтті. Азиадаға қатысқан спортшылардың 80 пайызы биыл Парижге барды. Ал Ханчжоудан ұлттық құраманың қандай нәтижемен келгені бәрімізге белгілі. Тарихтағы ең нашар Азиада болды. Соған қарамастан аз уақыт қалса да, жағдай жасадық. Бірақ Париждегі нәтижені өздеріңіз біліп отырсыздар», - деді Ермек Мыржықпаев.