Жаңалықтар

US Open: Рыбакина мен Путинцева екінші айналымға шықты

фото: olympic.kz

Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина АҚШ ашық чемпионатының екінші айналымына шықты.

Ол бірінші айналымда австралиялық Дестани Айавамен кездесті. Бірінші партияда Рыбакина қос брейк жасап, айқын басымдылық көрсетті – 6:1.  Екінші сетте есеп 3:3 болған мезетте қазақстандық спортшы брейкпен алға шыққанымен, ізінше өз геймін беріп қойды – 4:4. Есеп 5:6 болып, Елена доп бергенде, Айава үш сетболын пайдалана алмады. Содан кейін тай-брейкте Рыбакина сәтті ойнады – 7:6 (7:1).

Енді Елена Рыбакина АҚШ біріншілігінің үшінші айналымына шығу үшін франциялық Джессика Поншемен кездеседі.

Юлия Путинцева да АҚШ ашық чемпионатын жеңіспен бастады. Ол алғашқы айналымда әлемнің 25-ракеткасы, 19 жастағы чехиялық Линда Носкованы жеңді. Носкова өткен аптада Мексикадағы Монтеррей WTA 500 турнирінің чемпионы атанып, әлемдік рейтингіде 35-тен 25-ке көтеріліп, жеке рекордын орнатқан еді. Тартысты өрбіген бірінші партияда қазақстандық теннисші тай-брейкте таразы басын өзіне аударды – 7:6 (7:4). Екіншісінде 6:4 есебімен жеңісті түйіндеді.

Юлия Путинцева үшінші айналымға өту үшін әлемнің 40-ракеткасы, қытайлық Синьюй Ванмен кездеседі.