Жаңалықтар

Солтүстік Қазақстанда заңсыз аң аулаған браконьер ұсталды

Сурет: istockphoto.com

Гаврино ауылының маңындағы орманда мылтық атылған.

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері қылмыс орнында браконьерді қолға түсірді, деп хабарлады turkystan.kz.

М.Жұмабаев ауданының полиция бөліміне Гаврино ауылының маңындағы орманда мылтық атылғаны туралы хабарлама келіп түсті.

Оқиға орнына дереу жеткен учаскелік инспекторлар орман алқабынан иесіз қалған Урал мотоциклін және ағашқа ілінген елік етін тауып алды.

Мотоциклдің жүк салғышында 12 калибрлі 10 патрон болған. Қаскүнемнің өзі қызметтік автокөлікті көріп қашып кеткен көрінеді.

«Қылмысты ашуға аудандық полиция бөлімінің барлық жеке құрамы жұмылдырылды. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде 40 жастағы Петропавл қаласының тұрғыны анықталды. Күдіктіден тіркелмеген мылтық тәркіленді. Қазіргі уақытта заңсыз аң аулау фактісі бойынша тергеу амалдары жүргізіліп, қажетті сараптамалар тағайындалды», деді полиция бөлімі бастығының м.а. Жанат Рахметов.

Қылмыстық заңнама талаптарына сәйкес күдікті 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында заңсыз аң аулаудың 6 фактісі тіркелген.