Жаңалықтар

Мемлекет басшысы Олимпиада ойындарының жүлдегерлерімен кездесті

Aqorda

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты жиынға қатысушы спортшылар мен бапкерлерді Париж Олимпиадасындағы жетістіктерімен құттықтап, әрбір жеңіс зор ерік-жігер мен қажырлы еңбектің жемісі екеніне назар аударды.

Мемлекет басшысы, ең алдымен, Олимпиада чемпионы Елдос Сметовтің жеңісіне ерекше тоқталды.

– Ол байрақты бәсекенің алғашқы күндері Жақсылық Үшкемпіровтің даңқты жолын жалғады. Ел тарихында тұңғыш рет дзюдодан Олимпиаданың алтын медалін алды. Елдос бауырым, сен Олимпиадаға аттанар алдында маған және барлық спорт жанкүйерлеріне бар күш-жігерімді жеңіске жету үшін жұмсаймын деп уәде бердің. Сөзіңде тұрдың. Нағыз жігітсің! Біз бәріміз сені мақтан тұтамыз. Шын мәнінде, қатарынан үш рет Олимпиада жүлдегері атану – нағыз чемпионның қолынан келетін ерлік. Сенің жеңісті жолың спортшыларымызға жігер берді, барша халқымызды қуанышқа бөледі, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев төртжылдықтың додасынан жүлдемен оралған өзге спортшыларға, бапкерлер мен атлеттерді дайындауға үлес қосқан азаматтарға алғыс айтты.

– Нариман Құрбановтың күміс жүлдесін тарихи жетістік деуге болады. Гимнастика шеберлері тұңғыш рет Олимпиада биігін бағындырып отыр. Демеу Жадыраев пен Нұрбек Оралбай тамаша өнер көрсетті. Мергендеріміз Александра Ле мен Ислам Сәтбаев нысана көздеуден қола медаль алды. Бұл – 28 жылдан бері еліміздің осы спорт түрінен алған алғашқы жүлдесі. Балуан Ғұсман Қырғызбаев пен боксшы Назым Қызайбай жүлдегерлер қатарына қосылды. Жалпы барлық мемлекет Олимпиадаға ең мықты спортшыларын жібереді. Шын мәнінде, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығып, әлемдік бәсекеде жеңіске жету оңай емес. Мұндай жаһандық додада ел қоржынына түскен әр медальдің орны айрықша. Сондықтан бүгін мен Олимпиада жүлдесіне ие болған барша спортшыларымызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Жеңіс жолында спортшы ғана емес, сол саланың көптеген мамандары да тер төгеді. Мен бапкерлерге, спортшыларды дайындауға үлес қосқан басқа да кәсіп иелеріне алғыс айтамын. Ұлттық Олимпиада комитетінің басшылары жұмысқа жаңа серпін беріп, халықаралық ынтымақтастықты дамыту үшін маңызды қадам жасады. Жауапты сәттерде спортшыларымыздың қасында болып, қолдау көрсетті. Ұлттық Олимпиада комитеті бастаған істі жалғастырып, алдағы уақытта нақты нәтижеге жетеді деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев спорт резервін әзірлеу ісінде Балалар мен жасөспірімдердің спорт мектептері негізгі рөл атқаратынына назар аударып, олардың жұмысын жүйелеу жөнінде мәселе қозғады.

Елімізде 500-ден астам Балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі бар. Бірақ олардың қызметінде түйткілді мәселелер аз емес. Осындай мектептердің бағдарламасына кірген 162 спорт түрінің тек 52-сі ғана олимпиадалық спорт түріне жатады. Сондықтан олимпиадалық спорт түрлерінің резервін толықтыратын қабілетті балалар жетіспейді, сайып келгенде спорттағы жоғары жетістіктердің нәтижесі нашарлайды. Қаржының дұрыс бөлінбеуінен бюджет ақшасының басым бөлігі «желге ұшады», – деді Президент.

Бұл ретте Мемлекет басшысы спорт саласына жоғары білікті мамандарды тарту үшін барынша қолайлы жағдай жасау керек екенін атап өтті.

Өкінішке қарай, көптеген талантты бапкерлер өз елімізден қолдау таппай, шетел асып кетіп жатады. Олар сол жерге барып, жас спортшыларды тәрбиелейді, яғни, басқа мемлекеттің ұлттық құрама командаларын әлемдік додаларға дайындайды. Мысалы, осы Олимпиада ойындарында Тунис елінің тхэквондодан ұлттық құрамасы қазақ бапкері Есбол Сұлтановтың жетекшілігімен екі медаль жеңіп алды, оның біреуі – алтын медаль. Бапкерлерге жан-жақты қолдау көрсету шараларын қолға алу керек, әсіресе, олардың қоғамдағы әлеуметтік және кәсіби мәртебесін арттыру өте маңызды. Бір сөзбен, бізге мықты бапкерлер мектебін жасақтау қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.