T-LIFE

Салмағы жарты келіге жуықтайды: 100 жылдағы ең үлкен алмаз Ботсванадан табылды

сурет: AP photo / en.somoynews.tv

Ресми өкілдер тастың құнын анықтауға немесе қалай сатылатынын шешуге әлі ерте екенін айтты.

Ботсванадан табылған кейінгі 100 жылдағы ең үлкен алмаз бүкіл әлемге таныстырылды. Ел президенті жұдырықтай асыл тасты ресми іс-шарада көрсетті, деп хабарлады apnews.com.

Ботсвана үкіметінің мәліметінше, 2 492 караттық алып алмаз – әлемде шахтадан табылған ең үлкен екінші тас. Бұл 1905 жылдан бері табылған ең үлкен алмаз болып отыр.

Әзірше атауы жоқ алмазды Ботсвана президенті Мокгветси Масиси кеңсесінде әлемге таныстырды. Салмағы жарты келіге жуықтайды және алғашқылардың бірі болып Масиси оны қолына ұстады.

«Бұл – таңғаларлық нәрсе», – деді Масиси. «Мен мұндайды көргеніме қуаныштымын».

Ресми өкілдер тастың құнын анықтауға немесе қалай сатылатынын шешуге әлі ерте екенін айтты. 2016 жылы Ботсвананың сол шахтасынан табылған басқа бір кішігірім алмаз 63 миллион долларға сатылған болатын, бұл – өңделмеген асыл тастың рекордтық бағасы.